Қазақстан мұнай өңдеу саласын дамытуды одан әрі күшейтіп, отын нарығындағы тәуелсіздігін арттыруға бағытталған ірі жобаларды қолға алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«ҚазМұнайГаз» елдегі үш мұнай өңдеу зауытының қуатын кеңейтуді көздеп отыр. Осылайша мұнай өңдеу көлемін қазіргі 18,4 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін жеткізбекші.
Бұл жобалардың нәтижесінде автокөлік бензинінің өндірісі 5,6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін қсіреді. Ал дизель отыны 6,2 млн тоннадан 9,5 млн тоннаға дейін, ал авиакеросин 0,7 млн тоннадан 1,7 млн тоннаға дейін арттырады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026-2033 жылдар аралығында жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін қуатты жаңа зауыттың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру еліміздің мұнай өңдеу көлемін жылына 40 млн тоннаға дейін арттырады.
Қазірдің өзінде Энергетика министрлігі жаңа зауыттың құрылысына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Зауыттың қандай технологиямен жұмыс істейтіні, қай жерде орналасатыны және өнім ассортименті жан-жақты зерттелуде. Бұл кешенді жұмыс қосымша бірнеше айға созылады, өйткені зерттеулер мен сараптамалар көп уақытты талап етеді.
Осы жобалар толық іске қосылған жағдайда, Қазақстан 2028-2030 жылдары авиациялық керосин тапшылығын жылына 500 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін азайтады. Дизель отыны бойынша ішкі нарықты тұрақтандыруға қол жеткізеді.
Ал 2033 жылы төртінші мұнай өңдеу зауытының іске қосып, еліміздеіг авиакеросин тапшылығын толық жояды. Ал бензин мен дизель отынын көрші мемлекеттерге экспорттай бастаймыз.
Бұдан бөлек, қазіргі жұмыс істеп тұрған зауыттардың мұнай өңдеу тереңдігі 89%-дан 94%-ға, ал жаңа зауытта 95%-ға дейін артады деп күтілуде. Сондай-ақ өндірілетін мұнай өнімдерінің сапасы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, К4 кластан К5 класына дейін көтеріледі.
Осылайша, Қазақстанда мұнай өңдеу қуаттылықтарын кеңейту бойынша жоспарланған ауқымды жобалар еліміздің ішкі нарықтағы отын тапшылығын жойып қана қоймай, отын экспорттау мүмкіндігін арттырып, экономикамыздың тұрақты дамуына үлкен үлес қосады.
Айтқандай, Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған маршруты (TRIPP) Қазақстан үшін мұнай тасымалын кеңейтуге жол ашатынын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

