Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпаратты растап, шенеунікке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды», – делінген ведомство жауабында.
Алайда ҰҚК нақты қандай қылмыстық бап бойынша айып тағылып отырғанын, істің мән-жайын ашып айтпады.
Жақсылық Омар 2023 жылдың наурыз айынан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ол Өскемен қаласының әкімі болған еді.
Ақпарат алғаш рет телеграм-арналарда тараған болатын. Әкім орынбасарынан басқа да тұлғалардың ұсталғаны туралы мәлімет бар. Осыған орай, Ertenmedia-ның сауалына жауап берген ШҚО әкімдігі Жақсылық Омардың денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысына шыққанын мәлімдеген.
Бұған дейін Сақтағанов тарапынан Шнайдер көпіріне қатысты сын айтылып, облыс әкімі жемқорлықтың алдын алу жөнінде құқық қорғау органдарымен бірнеше мәрте кеңес өткізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

