Солтүстік Кореяда 600 миллиметрлік ірі калибрлі реактивті зымыран қондырғылары партияның алдағы тоғызыншы съезіне орай табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Корея орталық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, салтанатты рәсім Пхеньянда өткен. Іс-шараға Мемлекеттік кеңес төрағасы Ким Чен Ын қатысып, жаңа қару жүйесін жеке өзі қарап шыққан. Мәліметке сәйкес, маңызды әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары екі айлық қосымша өндіріс нәтижесінде жасалған 50 дана 600 мм калибрлі реактивті зымыран қондырғысын сый ретінде ұсынған.
Ким Чен Ын өз сөзінде аталған қару «ерекше соққы жасауға, яғни стратегиялық міндеттерді орындауға бейімделгенін» атап өтті. Оның айтуынша, жүйеге жасанды интеллект технологиясы мен кешенді бағыттау тетіктері енгізілген. Осы арқылы артиллерияның заманауи соғыстағы рөлі мен түсінігі түбегейлі өзгерген. Сарапшылар «стратегиялық міндет» деген тіркесті ықтимал ядролық соққы мүмкіндігімен байланыстырады.
Солтүстік Корея басшысы партияның тоғызыншы съезінде осы жетістіктерге сүйеніп, қорғаныс әлеуетін дамытудың келесі кезеңіне қатысты тұжырымдар мен мақсаттар жарияланатынын мәлімдеген. Осыған қарап, ай соңына жоспарланған съезде жаңа қару-жарақ жүйелерін әзірлеу бойынша жол картасы ұсынылуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Әскери-техникалық сипаттамаларға келсек, 600 мм реактивті жүйенің ұшу қашықтығы 400 шақырымға жуықтайды және басқарылатын бағыттау мүмкіндігі бар. Осы ерекшеліктеріне байланысты Оңтүстік Корея мен АҚШ барлау құрылымдары аталған қаруды қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымырандар санатына жатқызады.
Таратылған фотосуреттерде ондаған 600 мм қондырғының арнайы ұшыру платформаларына орнатылғаны байқалады. Бұл жүйенің сериялық өндіріс кезеңінен өтіп, нақты жауынгерлік кезекшілікке қойылуы ықтимал деген пайымға негіз береді.
Пхеньянның соңғы қадамдары өңірдегі әскери-стратегиялық тепе-теңдікке қатысты талқылауды күшейтіп отыр. Жаңа зымыран жүйесінің мүмкіндіктері мен оның ықтимал қолданылу сценарийлері алдағы уақытта халықаралық қауіпсіздік күн тәртібінде маңызды тақырыпқа айналуы ықтимал.
Айтқандай, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

