Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Биылғы Рамазан айы 19 ақпаннан басталып, 20 наурызға дейін жалғасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ай аяқталған соң мұсылмандар Ораза айт мерекесін қарсы алады. Әр өңірдегі ауыз бекіту (сәресі) және ауыз ашу (ифтар) уақыттарының нақты кестесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде алдын ала жарияланады.
Медициналық ұсыныстар: келесі ережені есе ұстаңыз
Күні бойы тамақ пен сусыз жүру ағзаға үлкен сынақ. Сондықтан дәрігерлер Рамазан айында денсаулыққа зиян келтірмеу үшін бірнеше ережені сақтауды ұсынады:
Сәресі (таңғы ас): мамандар таңғы асқа күрделі көмірсулар (ботқалар, тұтас дәнді нан) және ақуызға бай тағамдарды (жұмыртқа, сүзбе) пайдалануды кеңес етеді.
Сәресін асықпай, аз-аздан су ішіп, намазға дейін шамамен бір сағат бұрын ішкен абзал. Бұл ағзаға күні бойына қажетті энергия береді.
Ифтар (ауыз ашар): кешке құрманы бір-екі дана жеп, артынан жылы сумен ауыз ашқан дұрыс. Майлы, қуырылған, тұзды және ащы тағамдардан бас тартқан жөн. Ауыз ашқанда асқазанға ауырлық түсірмейтін жеңіл сорпалар, қайнатылған ет немесе көкөніс тағамдары жақсы сіңеді.
Су режимі: кешкі уақыттан сәресіге дейін таза суды жеткілікті мөлшерде ішіп, газды сусындар, қою шай және кофеден бас тартқан жөн. Олар шөлдетіп, ағзадағы сұйықтықты азайтады.
Дін өкілдері мен дәрігерлер еске салғандай, Ислам діні денсаулығына байланысты ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ жандарды ауыз бекітуден босатады. Бұған балалар, жасы үлкен қариялар, жүкті және емізулі әйелдер, созылмалы немесе ауыр сырқаты бар адамдар мен ұзақ жолдағы жолаушылар жатады.
Рамазанның рухани мәні һәм маңызды дұғалар
Рамазан тек тамақтан ғана тыйылу емес, жан мен тәнді, ой мен істі тазарту кезеңі. Сондықтан әрбір мұсылман оразаның басталуы мен аяқталуында ниетін шын жүректен білдіруі тиіс.
Сәресіге ниет ету дұғасы:
«Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә. Уа би сауми ғадин науайту мин шахри рамадан».
Мағынасы: «Алла разылығы үшін таңнан кешке дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
Ауыз ашардағы дұға (ифтар):
«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә‘аләйкә тәуәккәлту уә‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мә аххарту».
Мағынасы: «Уа, Алла! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім және Сенің ризығыңмен ауыз аштым. Ертеңгі Рамазан күнінің оразасын ұстауға ниет еттім. Өткен және келешек күнәларымды кешіре гөр».
Тарауих намазының тасбихы:
«Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар».
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

