Президент Тоқаев Уашиңтонда өткен «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысында Доналд Трамп атындағы арнайы сыйлық тағайындауды ұсынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Президент Трамптың бейбітшілік саласындағы ерекше еңбегі мен халықаралық бастамаларын ескере отырып, Бейбітшілік кеңесінің арнайы сыйлығын оның есімімен атауды ұсынамын. Бұл сыйлық оның әлемдік деңгейдегі келісім орнату жолындағы батыл қадамдарын айрықша атап өтеді», – деді Тоқаев.
Қазақстан басшысы кеңестің күн тәртібі ауқымды әрі жаһандық сипатта екенін атап өтті. Сондықтан Қазақстан ұйымға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Оның ішінде түрлі деңгейдегі кездесулер мен шараларды ұйымдастыру мәселелері де бар.
Тоқаев өз сөзінде Бейбітшілік кеңесін әлемдегі қазіргі жағдайға нақты жауап беретін, бұрын-соңды болмаған халықаралық құрылым деп бағалады.
«Әлем тарихында мұндай бастама болған емес. Бейбітшілікті нақты әрекет арқылы құру өте батыл әрі инновациялық қадам. Сондықтан мен президент Трамптың бейбітшілік тұрақты әрі нақты қадамдар арқылы орнауы тиіс деген көзқарасын толық қолдаймын», – деді Президент Тоқаев.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарында АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесі» («Board of Peace») халықаралық ұйымы әлемдік қақтығыстарды шешуге бағытталған жаңа жаһандық құрылым. Ұйымға қатысатын мемлекеттер 1 миллиард доллар көлемінде жарна енгізіп, тұрақты мүше мәртебесін ала алады.
Сарапшылар «Бейбітшілік кеңесін» Біріккен Ұлттар Ұйымына балама немесе оған бәсекелес жаңа платформа ретінде бағалап отыр.
Айта кетелік, осыған дейінгі Давос форумында Тоқаев пен Трамптың қысқа ғана диалогы шартарапқа тарап, қызу талқыланған еді. Әңгіме барысында Тоқаев: «Қазақ елінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ» деп Трамптың көзіне тіке қараған. Әңгіменің астарын түсінген АҚШ президенті қазақ көшбасшысының арқасынан қағып, қолдау білдірген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

