Жамбыл облыстық сотының төрағасы міндетін атқарушы Ербол Ахметжанов қызметінен босатылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жоғары сот кеңесіне сілтеме жасап.
Кеңес отырысында Жоғарғы сот төрағасының кадрлық өзгерістер туралы ұсынысы қаралды. Соның нәтижесінде Ербол Ахметжановты Жамбыл облыстық сотының төрағасы міндетін атқарушы лауазымынан босату туралы шешім қабылданды.
Ахметжанов Жамбыл облыстық сотын 2020 жылдың ақпанынан бері басқарған еді. Бұған дейін Алматы гарнизонының әскери сотында судья, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың төрағасы және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының басшысы қызметтерін атқарған.
Қоғамға Ербол Ахметжанов Владислав Челахтың ісімен танымал. 2012 жылдың желтоқсанында ол «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамды өлтірген Челахты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл үкім кейінгі сатыларда да өзгеріссіз қалған болатын.
Сонымен қатар, 2016 жылы қарашада Ахметжанов шымкенттік «сыра королі» Тоқтар Төлешовке қатысты сот үкімін шығарған. Ол ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танылған бизнесменді 21 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге шешім қабылдаған еді.
Қазір Ербол Ахметжановтың қызметінен босатылу себептері ресми түрде хабарланған жоқ. Жоғары сот кеңесінің мәліметінше, Жамбыл облыстық соты мен басқа да өңірлік соттардың төрағаларын тағайындау бойынша ұсыныстар ашық конкурс негізінде қаралады. Кеңес төрағаның бос орнына кәсіби біліктілігі жоғары әрі тәжірибелі судьялардың тағайындалатынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

