Президент Тоқаевтың АҚШ-қа сапары ірі инвестициялық келісімдермен және стратегиялық әріптестік туралы келіссөздермен аяқталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сапардың басты жаңалығы Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен америкалық Mars компаниясы арасында жасалған 180 млн долларлық келісім. Соған сәйкес Алматы облысында үй жануарларына арналған азық өндіретін ірі зауыт салынбақ.
Mars кәсіпорынды Орталық Азия және оған көршілес өңірлердің нарығына шығудың стратегиялық базасы ретінде қарастырады.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан Ashmore Healthcare International, «Самұрық-Қазына Инвест» және Нью-Йорктағы беделді Mount Sinai Health System медициналық орталығымен бірлесіп, халықаралық деңгейдегі клиника құрылысын бастау жөнінде келіссөздер жүргізді. Жоба елдегі медициналық туризм мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Авиацияда не өзгереді?
Сапар аясында азаматтық авиация саласында да маңызды жаңалықтар болды.
Президент Тоқаев Boeing компаниясының басшыларымен кездесу барысында Қазақстан авиациясының америкалық ұшақтарға қызығушылығы зор екенін мәлімдеді.
Air Astana компаниясы 2026 жылдың екінші жартысында Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын алуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстер ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Шымкент әуежайында Boeing ұшақтарына арналған техникалық қызмет көрсету орталығын ашу жобасы да талқыланды.

Уашиңтондағы кездесу аясында Тоқаев АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының бас директоры Бен Блекпен де жүздесті. Кездесуде Қазақстанның тау-кен саласы, көлік-логистика және транзиттік әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жобалар талқыланды. Блек Қазақстанды Еуразия аймағындағы негізгі стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
ЮНКТАД ұйымының 2025 жылғы есебінде еліміз Орталық Азия бойынша шетелден инвестиция тартуда көш бастап тұр. Өткен жылғы деректер бойынша, еліміздегі тікелей шетелдік инвестиция көлемі шамамен 151 млрд долларды құраған. Бұл іргедегі мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Тоқаев Уашиңгтонда өткен «Бейбітшілік кеңесінің» отырысына да қатысып, Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіру және әлемдегі бейбітшілік бастамаларына белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Осы шарада Мемлекет басшысы бейбітшілікке арналған ерекше бастама көтерген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

