Таяуда Астанадағы ÓzgeEpic креатив хабында суретші әрі сәулетші Әсел Есжанованың «Boran–Буран» атты алғашқы жеке көрмесі ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Экспозиция мәдени жад, автор өмірінің естеліктері, ғарыштық әрі метафизикалық кеңістіктер тақырыбын біріктіріп, келушілерді көркемдік әрі дыбыстық саяхатқа шақырды.
Әсел Есжанова бұл көрмеге жеті жыл бойы дайындалған.
Оның шығармашылығындағы бетбұрыс Арал теңізіне сапарынан бастау алады. Автор бұл сапар кезінде сәулет өнерінің мүмкіндігі жетпейтін күрделі экзистенциалды сұрақтарға тап болғанын айтады. Осы сұрақтардың жауабы жаңа материалдар мен жаңа медиумдар арқылы ғана мүмкін екенін түсінген суретші сәулеттен көркем өнерге көшкен.
Көрме адамның табиғатпен байланысының үзілуі, тарихи жаралар мен ұмытылған естеліктерді қайта жаңғыртуға бағытталған жауап ретінде ұсынылған. Әселдің сөзімен айтқанда: «Әрбір жұмыс – жоғалған сабақтастықты қайта табуға жасалған талпыныс».

Көрме атауының өзі үш түрлі мағынаға ие. «Боран» – даладағы қарлы дауылды, әрі суретшінің әжесінің бала кезде еркелете қойған атын білдіреді. «Буран» – Байқоңырдан ғарышқа аттанған кеңестік ғарыш кемесінің символикалық атауы. Дала табиғаты, жеке естеліктер мен тарихи ишара осы көрме алаңында үнсіз диалогқа түсіп, жаңа мағынаға ие болған.
Экспозицияның орталығындабиіктігі төрт метрлік «Келу / Прибытие» атты инсталляция орналасты. Бұл жұмыс Арал теңізінен жеткізілген ескі қайықтан бесік пішінінде жасалған. Қайықтың тік орналасқан формасы келушілерге жұмыспен физикалық әрі эмоциялық байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Көрермен бесіктің ішіне еніп, өз денесімен өнер туындысын сезіне алды. Бесік қамқорлық символы болса, қайық аман қалудың белгісі.
Олардың бірігуі адам өмірінің нәзіктігін, өткінші сипатын астарлап жеткізді. Жоба кураторы Әсел Ахметжанова: «Boran–Буран бақылаушы мен өнер туындысы арасындағы шекараны жойып, әрбір көрерменді шығармамен жақындата түседі», – дейді.

Инсталляцияны композитор Бексұлтан Бағытжан (Jeltoksan) арнайы дыбыстық туындымен сүйемелдеген. Онда Арал теңізінің табиғи үні, далалық ландшафт дыбыстары және Әселдің анасы Клара Есжанованың орындауындағы қазақтың бесік жыры үйлесім тапқан. Дыбыстық кеңістік адамның ішкі әлемімен үндесіп, терең сезімге жетеледі.
Контекст
Экспозициядағы негізгі материалдар – киіз бен ағаш. Киіз қарапайым тұрмыстық заттан ұжымдық жадтың, буындар арасындағы байланыстың нышанына айналған. Ал күйдірілген қарағай мен Аралдан әкелінген ескі қайық уақыт пен кеңістіктің жаңа символикасын сомдаған. Осылайша, суретші дала өркениетінің үмітін де, қасіретін де, тұрмысын да ортақ кеңістікке шоғырландырған.
Жобаның ұйымдастырушыларының бірі, OzgeEpic креатив кеңістігінің директоры әрі продюсер Тоғжан Құрманжанқызы: «Бұл көрме заманауи өнер мен ішкі жан-дүниенің үйлесімді тоғысуына қол жеткізе алды», – деп бағаласа, медиаменеджер, OzgeEpic хабының негізін қалаушы Мақпал Жұмабай: «Boran–Буран әрбір көрерменді өз ішіндегі жеке тарихымен қайта қауыштырды», – деп атап өтті.
Көрме арқылы келушілер суретшінің ой толғауын, даланың ұйытқи соққан боранды кеңістігін, жылы отаудың төрінен естілген әженің әлдиін, көкке қанат қаққан қазақ әйелінің қиялын түйсініп, өз жанына рухани азық тапты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

