«Қазақтелеком» жаңа стратегиялық модельге көшетінін хабарлады. Компания енді тек байланыс операторы ғана емес, жасанды интеллект (AI) экономикасына арналған инфрақұрылымдық провайдер болмақ деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа модельдің негізінде Қазақстанда AI-жүйелерді бір орталықта орналастырып, оқытып және кеңейтетін толық форматты экожүйе қалыптастыру жоспарланған. Осылайша компания мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық технологиялық алпауыттарға бір терезе қағидатымен (one-stop shop) қызмет көрсететін ірі инфрақұрылымдық орталыққа айналады.
2025 жылғы басты жетістіктердің бірі – аймақтағы ең ірі суперкомпьютер Al-Farabium-ның іске қосылуы. Бұл құрылғыда NVIDIA H200-дің 400 графикалық процессоры, HGX сериялы 50 сервер және 6 петабайт жоғары өнімділікке ие деректер сақтау жүйесі бар.
Суперкомпьютер қазірдің өзінде TOP200 халықаралық рейтингке еніп, терең оқыту, ауқымды деректерді өңдеу және жасанды интеллект модельдерін әзірлеуде пайдаланылып жатыр.
Бұдан бөлек…
Компания Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталықтар кешенін қамтитын «Деректер орталығы алқабы» («Долина ЦОДов») жобасын қолға алды.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында ауданы 400 гектар аумаққа салынатын заманауи дата-орталықтар кампусының бастапқы қуаты 300 МВт-ты құрайды. Ал болашақта ол кезең-кезеңімен кеңейтіліп, жалпы қуаты 1 гигаватқа дейін жеткізіледі. Бұл Қазақстанның әлемдік деректер өңдеу хабтарының қатарына қосылуына мүмкіндік береді.
Жоба аясында әрқайсысы 50 МВт болатын төрт дата-орталық салу көзделген. Сондай-ақ қуаты 100 МВт-қа жететін Greenfield аймағы да қарастырылған. Бұл алаңға Google, Amazon, Microsoft, Nvidia сияқты ірі халықаралық компаниялар тартылмақ.
Жоспарланған дата-орталықтар халықаралық Tier III стандартына сай келіп, энерго тиімділігі көрсеткіші (PUE) 1.25 деңгейінде болады. Қазірдің өзінде Еуропаның негізгі трафик алмасу орталықтарына минималды кідірістермен қосылу бойынша жұмыстар басталып кетті. Осы жоба ел экономикасына инвестиция тартып, жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын ашып, аймақтың цифрлық дамуына серпін береді деп күтілуде.
Сонымен қатар…
Компания инфрақұрылымды бақылау мақсатында дрондарды және видеосараптама жүйелерін белсенді дамытып келеді.
«Қазақтелеком» АҚ оптикалық инфрақұрылым мен мәліметтерді тасымалдаудың балама бағыттарын кеңейтіп, шетелдік технологиялық компанияларға қолайлы жағдай жасауда жүйелі жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде Қазақстанның Еуразиядағы ірі AI-хабына айналуы көзделген.
«AI «Қазақтелекомның» жаңа стратегиялық драйвері. Біз Қазақстанды өңірдің алдыңғы қатарлы цифрлық орталықтарының бірі ететін инфрақұрылым қалыптастырудамыз. Суперкомпьютерден бастап дата-орталық алқабына дейін, AI-экономикасын дамыту үшін қажетті қызметтердің толық циклын ұсынамыз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

