Ресей билігі Telegram мессенджерін сәуір айының алғашқы күндерінде бұғаттауды қарастырып жатыр. Мұндай шешімнің қабылданғанын Кремльге жақын дереккөздер хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
РБК басылымының ақпаратынша, бұғаттау туралы түпкілікті шешім қабылданып қойған. Басты себеп ретінде мессенджер арқылы азаматтар, соның ішінде жасөспірімдер арасында заңсыз әрекеттерге шақыру фактілерінің көбеюі аталған.
Бұған дейін Ресей цифрлық даму министрі Мақсұт Шадаев Telegram-ды ұрыс алаңдарында шектеу жоспарланбағанын айтқан еді. Бірақ дереккөздердің мәліметінше, бұғаттаудан кейін мессенджер тек майдан аймағында ғана қолжетімді болып қалуы мүмкін.
Жақында біз Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа қарсы терроризмге жәрдемдесу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатынбыз.
ФСБ материалдарына сүйенген басылымдар мессенджер экстремистік мазмұндағы арналарды жоймағанын жазған. Дуровтың өзі айыптауды «жеке өмірге қол сұғу және сөз бостандығын тұншықтыру талпынысы» деп бағалаған.
«Комсомольская правда» Роскомнадзордың мессенджерден мыңдаған заңсыз арналар мен боттарды жабуды талап еткенін, алайда Telegram әкімшілігінің оған құлақ аспағанын хабарлады. Мұндай контент арасында экстремизм, есірткі, кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту және балалар порнографиясына қатысты материалдар болған.
Айта кетейік, 2025 жылдың тамызында Ресей билігі Telegram және WhatsApp арқылы қоңырау шалуды шектеп, оны алаяқтық әрекеттердің көбеюімен түсіндірген.
Мұның бәрін сырттай бақылап отырған Павел Дуров Путинге жауап қатып, «Кремль көсемін өз халқынан қорқады» деп айыптаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







