Алматы қаласының зиялы қауым өкілдері алдағы республикалық референдумның маңызына тоқталып, тұрғындарды белсенді түрде дауыс беруге шақырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым саласының өкілдері бұл референдум тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белес екенін атап өтті. Олардың пікірінше, жаңа Конституцияны қабылдау – еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани дамуындағы шешуші қадам.
Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев адам құқығының қорғалуын мемлекетіміздің басты құндылығы деп есептейді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин өз сөзінде құжаттың стратегиялық маңызына ерекше назар аударды.
– Ұсынылып отырған өзгерістер әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды әрі қарапайым халыққа түсінікті. Жаңа Конституциямыздың әлеуметтік бағыты айқындалып, халықтың мүддесіне жақындады, – дейді Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды Конституция елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Конституцияның алғаш рет мемлекеттік тілде жазылуын тарихи оқиғаға теңеді.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева референдумға қатысу әр азаматтың парызы екенін айтты.
– 15 наурыз еліміз үшін аса маңызды күн. Бұл тарихи таңдауға қатысып, болашаққа дауыс беріңіздер, – деді Роза Рымбаева.
Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін белгілі актерлер мен өнер адамдары – Жан Байжанбаев, Гүлнар Досматова, Азамат Сатыбалды, Қарагөз Сүлейменова, Шынар Асқарова, Назым Қызайбай, Тәуекел Мүсілім және басқа да танымал тұлғалар білдіріп, халықты белсенді болуға үндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







