Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-офистік орталығын сатуға шығармақ деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2023 жылы заңсыз жолмен алынған деген себеппен ғимарат мемлекет меншігіне өтіп, Қаржымин-нің балансына берілген еді. Енді тоғыз қабатты сауда және кеңсе орталығы электронды мемлекеттік аукцион алаңында сатылымға шығарылады. Нысанның бастапқы бағасы 61 млрд теңге. Аукционға ғимаратпен қоса, жер телімін жалға алу құқығы да кіреді.
Kaisar Plaza орталығында 53 ұйым кеңселерді жалға алып отыр. Арасында ірі банктер, БАҚ өкілдіктері мен кофеханалар бар. Бұрын аталған нысан мемлекетке атышулы Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған еді.
Қазір қайтарылған активтердің қатарында Kaisar Towers бизнес-орталығы, DoubleTree by Hilton қонақ үйі, «АрСат» және Maisat бизнес-орталықтары, «Мегатау» сауда үйі, «Байсат» базары және «Оптимум» бизнес-орталығы да бар.
Аукционға қатысу үшін кепілдік жарна 9,2 млрд теңге. Сауда-саттық 7 сәуірде басталады.
Айта кетейік, бұған дейін тағы сол Сатыбалдыдан мемлекет меншігіне өткен «Байсат» базары саудаға қойылған. Бір қызығы, келімді-кетімді адамы көп нысан әлі күнге өтпей тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







