Абай облысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңір жұртшылығымен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
500-ден астам адам қатысқан жиында қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бизнес, әлеуметтік сала өкілдері бас қосты. Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен 15 наурыздағы референдумның маңызы талқыланды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Берік Уәли Конституция жобасын жан-жақты талқылаудың өңірлік басқару жүйесіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция мәтіні жарты жылдық ашық талқылау мен қоғамның белсенді қатысуының нәтижесінде дайындалғанын айтты.

– Жаңа Конституция Конституциялық комиссияның 130 мүшесінің және мыңдаған азаматтың еңбегінің ортақ жемісі. Сондықтан бұл құжатты халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Құжаттың басты мақсаты басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді байланысты арттыру, – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол жобада цифрлық трансформация, адам капиталын дамыту, білім мен ғылымға басымдық берілгенін ерекше атап өтті.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов экономикалық тұрақтылық пен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін Конституцияда меншік құқығын қорғауға баса мән берілгенін айтты. Сондай-ақ, ол ұлттық заңнама басымдығы мен ұлттық валюта мәртебесінің нақты бекітілгенін жеткізді.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова болса, Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалғанын мәлімдеді. Бұл мемлекеттің адам капиталын дамытуға деген ұстанымын көрсетіп, жастардың жауапкершілігін нығайтады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң шығарушы биліктің жаңғыруы мен Құрылтайдың бақылау функциясының күшеюі мемлекеттік билік органдарының жауапкершілігін арттырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал ететінін айтты.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституция ұлттық мәдениет пен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу соңында Абай облысының жұртшылығы Жаңа Конституцияны толық қолдайтындарын білдіріп, құжаттың еліміздің тұрақты дамуы үшін өте маңызды екенін жеткізді.
Таяуда Абай облысы әкімі Берік Уәли «Amanat» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







