ҚР Энергетика министрлігі елдің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында электр жүйесін жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосуға арналған ірі жобаларды жүзеге асыруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық электр желісінің операторы «KEGOC» АҚ энергия жүйесін күшейту бойынша маңызды жұмыстар атқаруда. Оның ішінде ерекше стратегиялық маңызға ие жоба Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) біріктіру. Жоба бойынша ұзындығы 600 шақырым болатын, кернеуі 500 кВ электр желісінің құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, солтүстік пен оңтүстік арасында қуат теңгерімсіздігін реттеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Солтүстік–Оңтүстік» транзитін күшейту мақсатында «Алматы-Жамбыл» учаскесінде 475 шақырымдық жаңа 500 кВ электр желілері тартылуда. Бұл 2027 жылдың маусымына жоспарланып, газ және жаңартылатын энергия көздерін электр жүйесіне тиімді қосуға жол ашады.

Елордадағы энергия сұранысын тұрақты қамтамасыз ету үшін Астанада жаңа цифрлық 500 кВ қосалқы станса салынады. Ал «Солтүстік–Оңтүстік» тұрақты ток желісінің құрылысы аяқталғанда, ел ішіндегі электр энергиясын тасымалдау мүмкіндігі 2 000 МВт-қа дейін артады. Бұдан бөлек, Алматы мен Жетісу облыстарында электр желілерін дамыту жобасы іске асырылып, жалпы ұзындығы 400 шақырымдық 220 кВ желісі тартылмақ.
Алдағы уақытта «Қарағанды–Астана», «Қарағанды–Жезқазған–Қызылорда–Шымкент» бағыттары бойынша электр желілері салынып, Батыс және Оңтүстік аймақтар арасындағы тұрақты ток желісі іске қосылады. Жалпы, 2035 жылға дейін 6,6 мың шақырым жаңа желі тартылып, 10,5 мың шақырым қолданыстағы желілер жаңғыртылады.
Барлық бұл жұмыстар еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, экономикамыздың тұрақты дамуына жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







