Семейдің орталығында орналасқан «BalaPark» балалар ойын-сауық орталығында өрт шықты. Шугаев көшесіндегі алып ғимарат толықтай жалынға оранған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға бүгін кешкі уақытта қаланың Қарағайлы ауданында орналасқан ойын-сауық орталығында болған.
Әлемжеліде ересектер мен бала-шағаның ойын-сауық орталығынан қашып жатқан сәті түсірілген бейнежазбалар тарады. Куәгерлердің түсірген видеоларынан ғимараттың төбесінен қара қою түтін көтеріліп, жалынның қатты өршіп тұрғаны байқалады.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметінің ақпаратына сәйкес, ғимараттың шатырының бір бөлігі құлаған. Төтенше жағдай кезінде келушілер мен қызметкерлер дереу эвакуацияланған. Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түспеді.
Абай облысы ТЖД басшысы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өрт сөндірушілер жеткен кезде орталық ғимараты түгелдей ашық жалынмен жанып жатқан. Өрт тез өршіп, ғимараттың шатыры опырылған.
«Оқиға орнына жеткенде ғимарат толықтай отқа оранған еді. Әкімшілік қызметкерлерінің айтуынша, өрт кезінде адамдар ғимарат ішінде болмаған. Қазір өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың құрылымы құлау қаупі бар, әсіресе екінші және үшінші қабаттар арасындағы конструкцияның тұрақсыздығынан толыққанды барлау жүргізу мүмкін болмай тұр», – деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өртті сөндіруге орталықтың аумағы бойынша арнайы техникалар жұмылдырылып, су үздіксіз жеткізіліп жатыр. Қазіргі таңда өрт сөндірушілер өртті толық бақылауға алуға тырысуда. Төтенмин өрттің ғимарат ішіндегі жоғары температура мен қатты түтін салдарынан күрделене өршелене түскенін хабарлады. Қаланың төбесін қара қою түтін басқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







