«Мектептегі ҚМЖ-ны (қысқа мерзімді жоспар) толық алып тастау дұрыс шешім емес, бірақ оны міндеттеуге де қарсымын», – дейді белгілі педагог, мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әріптесі Айманның ҚМЖ-ны мүлдем алып тастау туралы ұсынысы жайында пікір білдірген ол, мәселені жан-жақты қарау керегін айтады.
– Жалпы, мен өзім кезінде ҚМЖ жазбайтын мұғалім болдым. Қазір директор ретінде де мұғалімдерден ҚМЖ талап етпеймін. Бірақ соған қарамастан, ҚМЖ-ны толық алып тастауға қарсымын. Неге? Себебі еліміздегі мұғалімдердің біліктілігі әлі де төмен деңгейде. Жақында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы да Қазақстандағы мұғалімдердің жартысынан астамының білімі төмен екенін айтты. Мұны қайдан алынғанын білмеймін, бірақ өз басым 16 жыл бойы осы саланы терең зерттеп келемін. Соның ішінде, 3-4 жыл бойы мұғалімдердің біліктілік тестінің нәтижелерін де зерттеп көрдім, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Оның айтуынша, мұғалімнің толыққанды маман болуы үш шартқа байланысты:
– Біліктілікті мен үш бағытта қараймын. Біріншіден, пәндік білім. Бұл қатаң талап болуы тиіс. Себебі пәндік білімі нашар мұғалім, қанша тамаша әдістемесі болса да, оқушыға сапалы білім бере алмайды. Екіншіден, әдістемелік біліктілік. Пәндік білімі жоғары мұғалім оны жеткізудің жолын да білуі керек. Үшіншіден, педагогтың өз мамандығын сүюі және психологиялық қабілеті. Бұл үшеуі – ошақтың үш бұты секілді. Біреуі кем болса, мұғалім толыққанды маман болып шықпайды, – дейді педагог.
Дегенмен, ол ҚМЖ-ны қатаң міндеттеуге қарсы. Себебін де түсіндірді:
– Біліктілігі төмен мұғалімдерден ҚМЖ-ны алып тастаса, білім сапасы мүлде құлдырайтыны анық. Бірақ дәл қазіргі жағдаймен ҚМЖ-ны міндеттеу де нәтиже бермейді. Себебі бүгінде ҚМЖ сатылатын бизнеске айналды. Мұғалімдердің көбі дайын жоспарды сатып алады. Нәтижесінде, ҚМЖ бір жақта, мұғалімнің сабағы екінші жақта. Тіпті жасанды интеллект те жаза салады. Мұндай құжат мұғалімнің дайындық деңгейін көтермейді. Сондықтан осындай формальды ҚМЖ бізге керек пе? Әрине, жоқ! – дейді ол.
Аятжан Ахметжанұлы әріптестерімен диалогта да ойын ашық жеткізді:
– Айман әріптесім: «ҚМЖ-ны мүлдем алып тастайық», – дейді. Ал мен оған былай дедім: «Айеке, сіз де, мен де кезінде ҚМЖ жазбай-ақ жақсы сабақ бердік. Бірақ елімізде пәндік білім мен әдістемелік білігі төмен мұғалім өте көп. ҚМЖ-ны алып тастасақ, жағдай мүлде қиындайды. Бірақ мұғалімдерді формальды құжатпен қинап, оны бизнеске айналдыруға да болмайды».
Ол сөз соңында бұл мәселені әлі де терең талқылап, дұрыс шешім табу қажеттігін атап өтті.
Айтпақшы, бұдан былай мектеп оқулығын дайындайтын апторлар тобына кемінде үш жоғары білікті маман енуі міндеттелді. Әрқайсысының салалық білімі мен нақты тәжірибесі болуы шарт.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







