Жаңа Конституция жобасына енген түзетулер қоғам ішінде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әсіресе некені конституциялық деңгейде бекіту, әйел құқығы мен заңды мүддені күшейту, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындау мәселесі көпшіліктің назарын аударған.
Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты экономика салалары мен әлеуметтік сала заңнамасы бөлімінің басшысы, философия докторы Маржангүл Әкімжанованың айтуынша, жаңартылған преамбула мемлекеттің адам қадір-қасиетіне, теңдік пен әділдікке арқа сүйейтінін анық көрсетеді. Оның сөзінше, жоба мәтінінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде жарияланғаны осы ұстанымның айқын дәлелі.
Сарапшы некені ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықтық одағы ретінде конституциялық тұрғыда бекіту терең мәнге ие екенін айтты. Оның пайымынша, мәселе тек дәстүрді сақтау төңірегінде емес, отбасылық қатынаста жеке тұлғаның құқықтық қорғалуын күшейтуге де келіп тіреледі.
Маржангүл Әкімжанова Конституция жобасы ерлі-зайыптылардың тең құқықтылығының кепілдігін күшейтіп, неке қиюға мәжбүрлеуге жол берілмейтінін нақтылайтынын жеткізді. Сонымен қатар, әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетігі де осы нормалар арқылы бекемделе түседі. Яғни неке институты шектеуші норма ретінде емес, отбасы құру, қадір-қасиетті сақтау, зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктен қорғану секілді конституциялық құқықтарды жүзеге асыратын кеңістік ретінде қарастырылады.
Сарапшының сөзінше
Неке ұғымын бекіту мемлекетке ананы, әкені және баланы қорғау бағытындағы жауапкершілікті де күшейтеді. Отбасы қоғамның іргетасы ретінде танылса, еңбекке қабілетсіз ата-анаға қамқорлық жасау кәмелетке толған баланың адамгершілік әрі құқықтық міндеті ретінде белгіленеді. Мұндай ұстаным жеке құқық пен әлеуметтік жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті айқындай түседі.
Заңгер жаһандық өзгерістер кезеңінде Қазақстан дәстүрлі құндылықтарды адам құқықтарының әмбебап стандарттарымен ұштастыруға ұмтылып отырғанын да атап өтті.
Оның пікірінше, жаңартылған Конституция отбасыны қорғауды адам құқықтарын қорғау арқылы жүзеге асыратын тұтас көзқарас ұсынады. Адам құқықтары тұрақты әрі әділетті отбасылық қатынас аясында толыққанды іске асады.
Сарапшы осы өзгерістер әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге, ұрпақ сабақтастығын сақтауға және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған қадам екенін айтты.
Алайда бәрі бұлай ойламайды. Танымал заңгер Майдан Сүлейменов бұған дейін жаңа Ата заңның кемшіліктерін жіпке тізген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







