Алматы қаласының еңбек инспекциясы Burger King желісінің (QSR ЖШС) қызметкерлер шағымы бойынша тексеріс жүргізіп, компаниядағы бірқатар заңсыздықты анықтады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тексерістің басталуына компания қызметкері Әлібек Қаратайдың шағымы себеп болған еді. Тексеру барысында қызметкердің айтқаны расталды. Burger King-те еңбек заңнамасы жүйелі түрде бұзылған.
Инспекторлардың мәліметінше, компания басшылығы қызметкерлердің еңбекақысын кешіктірген, жалақыдан олардың келісімінсіз ақша ұстап қалған, жұмыс істеген нақты уақыты дұрыс есептелмеген. Сонымен бірге мереке және демалыс күндері жұмысқа шыққандарға жалақы заң талап еткендей жоғарылатылған мөлшерде төленбеген.
«Жұмыс ауысымдарының кестесі де қызметкерлерге заңмен белгіленген мерзімнен кеш жеткізілген», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, қызметкерлер қажетті арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеген, еңбек қауіпсіздігі бойынша міндетті нұсқаулықсыз жұмысқа жіберілген.
Тексеріс қорытындысы бойынша Burger King-ке барлық заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Сондай-ақ компанияға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша іс қозғалды.
Контекст
Burger King төңірегіндегі дау бұған дейін аутизмі бар қызметкердің жұмыстан босатылуынан басталған еді.Әлібек Қаратайдың анасының айтуынша, компанияның жаңа басшылығы баласына қысым жасап, өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүрлеген. Қоғамдық резонанстан кейін компанияның өңірлік басшысы қызметінен айырылған болатын. Ertenmedia даулы мәселені толығымен талдап жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







