Алматыда «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенді қыздары «Менің дауысым – менің күшім!» атты ерекше шеру өткізді. Азаматтық белсенділікті дәріптеген қыздардың ұраны дауылпаздардың үнімен астасып, қала жұртын 15 наурызда өтетін Конституциялық референдумға қатысуға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шеру Халықаралық әйелдер күнінде ұйымдастырылып, азаматтардың қоғам өміріндегі дауыс құқығын қайта еске салды. Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, әлемдік тарихта әйелдердің белсенділігі талай елдің дамуына серпін беріп, азаматтық құқықтардың нығаюына себеп болған. Осы тәжірибені үлгі еткен белсенді қыздар әрбір қазақстандықтың дауысы қоғамды өзгерте алатынын көрсетті.
Шеруге қатысушылардың пікірінше, 2022 жылғы референдум Қазақстанды жаңа бағытқа бұрып, елдің әділет пен тәртіпке, азаматтардың құқығына және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Қоғам белсенділік танытып, енді көп мәселені талқыға салып, шешім қабылдауға қатыса бастады.
«Жаңа адамдар» қозғалысының көшбасшысы Әсел Баденованың айтуынша, дауылпаздар ырғағы бұл жолы азаматтық белсенділіктің символына айналды.
«Біз бүгін қазақстандықтарға олардың азаматтық дауысы қаншалықты маңызды екенін еске салғымыз келді. Дауылпаздар ел таңдаған өзгерістердің үнін жеткізді. Болашақ өздігінен келмейді. Ол ел тағдырына бейжай қарамайтын, жауапкершілікті сезінетін адамдардың қолымен жасалады», – деді Әсел Баденова.
Айта кетейік, акция заң мен тәртіп аясында, қала сыртында өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







