Қонаевта ерекше цифрлық дрон-шоу өтіп, қала аспанында 500-ден астам дрондар жарқырай ұшып, көрермендерге әдемі әрі әсерлі композициялар ұсынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аспан төрінде бейнеленген Қазақстан картасы халықтың ерекше ықыласына бөленді. Сондай-ақ шоу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін композициялар да көрсетілді. Оның ішінде халқымыздың бірлігі мен берекесінің нышаны – шаңырақ, көктемнің символы – қызғалдақ гүлі мен «Digital Nauryz», «Наурыз құтты болсын!» деген мерекелік жазулар көрініс тапты.
Одан бөлек, дрондардың көмегімен «Қазақстан», «Алматы облысы» деген жазулар пайда болып, бұл символикалық көріністер өңірдің ел дамуындағы орны мен маңызын паш етті.
Шоудың тағы бір маңызды бөлімі алда келе жатқан саяси оқиға – 15 наурыздағы республикалық референдумға арналды. Аспанда «15 наурыз – референдум», «Жаңа Конституция» деген жазулар мен дауыс беру белгісі пайда болып, азаматтардың жауапкершілігі мен өз таңдауын жасау құқығы символикалық түрде көрсетілді.
Айрықша шоуға 5000-нан астам адам жиналды. Шараны тамашалауға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, коалиция мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиналған жұртшылық алдында Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов пен облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дауталиев сөз сөйлеп, азаматтарды референдумға белсене қатысуға шақырды.
«15 наурыз – тарихи күн. Бұл – жастардың Конституциясы, онда жастардың дамуы мен ел экономикасының ілгерілеуіне ерекше мән берілген. Әрбір азамат осы күні өз таңдауын жасап, болашаққа үлес қосуы тиіс», – деді Ерболат Тұрымбетов.
Қазыбек Дауталиев қолданыстағы Конституцияның ел дамуына 30 жыл қызмет еткенін атап өтіп, жаңа құжаттың маңыздылығына тоқталды.
«Жаңа Конституция жобасында еңбек құқық ретінде бекітілген. Бұл – халықты жұмыспен қамту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі деген сөз», – деді ол.
Дрон-шоудан кейін мереке концерттік бағдарламаға ұласып, қала тұрғындарына алдағы республикалық референдум туралы ақпараттық брошюралар таратылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







