Сәтбаев университетінің ғалымдары қоршаған ортадағы механикалық тербелістерді электр энергиясына айналдыратын шағын әрі тиімді құрылғы әзірлеуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құрылғы шалғай және жетуі қиын аймақтарда орналасқан автономды датчиктерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған. Зерттеудің басты мақсаты ондаған герцтен бірнеше жүз герцке дейінгі жиілікте жұмыс істейтін электромагниттік түрлендіргішті жасау. Осы арқылы табиғи ортада жиі кездесетін тербелістерден қуат алуға болады.
Әдетте мұндай IoT-датчиктер тұрақты қуат көзін қажет етеді, ал ұсынылған шешім баламалы қуат көзі ретінде экономика мен өнеркәсіптің түрлі салаларында, әсіресе егіс алқаптарын бақылау, экологиялық мониторинг жүргізу ісінде кең сұранысқа ие болады.
Әзірлеме электромагниттік индукция заңына негізделген. Құрылғы ішінде магнит пен шарғының өзара қозғалысы нәтижесінде электр сигналы пайда болады. Зерттеушілер құрылғының кең жиілік ауқымында жоғары пайдалы әсер коэффициентін сақтайтын конструкциялық шешімдерге ерекше көңіл бөлуде.

Сонымен қатар инженерлер жүйені әртүрлі діріл жағдайында тұрақты жұмыс істейтіндей етіп бейімдеп, өндірілген энергияны артық шығынсыз әрі тиімді түрде тұтынушыға жеткізу жолдарын қарастыруда.
– Біз қоршаған ортадағы механикалық тербелістерден электр энергиясын өндіретін тиімді құрылғы жасап жатырмыз. Бұл шалғайдағы IoT-датчиктерінің сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді жоба жетекшісі, PhD Албанбай Нұртай.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрады, оның ішінде құрылғының принциптік сызбасын, 3D-моделін және математикалық моделін әзірлеу бар. Келесі кезеңде тәжірибелік үлгілер дайындау және оларды өлшеуге арналған арнайы эксперименттік стенд құру жоспарланған.
Түрлі геометриялық және материалдық шешімдер зерттеліп, нәтижесінде оңтайлы параметрлері бар прототип таңдап алынады. Жобаның соңғы кезеңінде ғылыми нәтижелерді жариялау және зияткерлік меншік нысаны ретінде патент рәсімдеу көзделіп отыр.
Бұл жоба жасыл технологиялардың дамуына үлес қосады. Табиғи тербеліс көздерін тиімді пайдалану энергияны үнемдеп, тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сәтбаев университетініі тағы бір ғалымдары электр энергиясын сақтау мен жинақтауға арналған екі өлшемді MXene наноматериалдарын зерттеуде жаңа жетістіктерге жеткені мәлім болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







