Шымкенттік журналист Арай Есенбек бопсалау бабы бойынша сот алдында жауап береді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін журналисті ұстау сәтінің видеосы интернетте кеңінен таратылған болатын. Бірі үкім күтіп отырса, екіншілері оның кінәсіне күмәнмен қарайды. Әріптестері осы істі Есенбектің батыл кәсіби әрекеті және өткір материалдарымен байланыстырады.
Қазір журналистке ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Бопсалау») 3-бөлімі 2-тармағы бойынша айып тағылған. Істі қарауға судья М.З. Әбдірасылов бекітілді.
Шымкенттік журналист Сардар Әбдіжақия Facebook парақшасында әріптесін қолдап, арнайы жазба жариялады. Оның пайымынша, қылмыстық іс журналистің кәсіби батылдығы мен өткір сынына жауап болуы ықтимал.
«Арайдың батылдығы өзіне жау болды ма, әлде оның өткір сөздері біреудің намысына тиді ме? Әйтеуір әріптесімізді «бопсалау» деген желеумен ұстап, видеосын әдейі ел арасына таратты. Қазір іс сотқа кетті. Барша журналистердің позициясын білмеймін, бірақ Арайды көп адам таниды, онымен бірге нан бөліскендер бар. Ол өз ортасында беделді жігіт болатын», – дейді Әбдіжақия.
Жазба авторы ешкімді кінәлауға немесе тергеу барысына қысым жасауға ниетті емес екенін айтады. Оның үстіне, судья Әбдірасыловты әділ және бейтарап қызметкер ретінде сипаттайды. Әбдіжақияның басты дәлелі журналистің отбасылық абыройы.
«Мен Араймен жақын араласқан жоқпын, бірақ әкесін жақсы танимын. Ол қарапайым, ел сыйлайтын, өте адал адам. Осындай адамның ұлы қылмыс жасады дегенге сенбеймін. Қазір жігіттің тағдыры сот қолында. Оның ақталып шығатынына үміттенемін. Халық айтпай ма: «Басты шапсаң да, тілді кесе алмайсың» деп. Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді», – деп түйіндеді Әбдіжақия.
Арай Есенбектің ісі бойынша алғашқы ашық сот отырысы 16 наурыз күні сағат 15:00-де өтеді. Журналисті қолдауға келетін азаматтар сот залына судьяның рұқсатымен кіре алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







