Алматыда бес өңірдің фермерлері қатысатын ауқымды ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жәрмеңке 14-15 наурыз күндері Алатау ауданындағы Нұркент шағынауданы, №6 үйдің алдында («Алатау» дәстүрлі өнер театры алаңында) ұйымдастырылады. Оған Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының фермерлері мен тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға ұсынады.
Қала тұрғындары мен қонақтары бұл шарада ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және бакалея тауарларын тиімді бағамен сатып ала алады.
15 наурыз күні жәрмеңкелер Алмалы және Әуезов аудандарында, сайлау учаскелеріне жақын жерлерде де өтеді.
Алмалы ауданында келесі мекенжайларда ұйымдастырылады:
№62 және №167 мектептердің маңы; Дүйсенов пен Прокофьев көшелерінің қиылысы; «Кіші Ганди» саябағы (№18, №67 мектептер, «Print Media» колледжі маңы).
«Целинный» кинотеатры жанындағы аумақ (АЛТ колледжі, АЛТ университеті, №36 мектеп маңы).
Жүргенов атындағы Өнер академиясы маңы (Панфилов көшесі, «Алмалы» метро бекеті, «ҚҰОБТ» айналасы).
№54 мектеп маңы, Арбат алаңы; Жасөспірімдер театрының алдындағы аумақ (№90 және №147 мектептер маңы).
№15 мектеп жанындағы алаң, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің маңы.
Әуезов ауданында мына мекенжайлар қамтылады: Төле би көшесі, 303 – Д. Қонаев атындағы колледждің аумағы; Тастақ-1, 1в – Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі маңы; 1-шағынаудан, 76А – №97 мектеп-гимназия жанындағы алаң; Жандосов көшесі, 51 – Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты маңы; Таугүл шағынауданы, 34 – «Нархоз» университетінің жатақханасы аумағы.
Бұл шара Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – қала тұрғындарын қолжетімді бағадағы сапалы өнімдермен қамтамасыз ету, жергілікті фермерлерге қолдау білдіру және азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша қалада екі «демалыс күнгі жәрмеңке» кезең-кезеңімен жаңартылуда. Олар Бостандық ауданындағы Қазақфильм шағынауданында және Әуезов ауданындағы Өтеген батыр мен Абай даңғылы қиылысында орналасқан.
Жаңарту жұмыстарының негізгі міндеті – сауда алаңдарын санитарлық, сәулеттік және инфрақұрылым талаптарына сәйкестендіру, сонымен қатар халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолжетімділігін арттыру.
Фермерлер спалы өнімін ұсынады
Алдағы уақытта Түрксіб, Алатау және Наурызбай аудандарында да жәрмеңкелерді тұрақты ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда. Бұл бастамалар қала халқын табиғи әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен тиімді бағамен қамтуға жол ашады.
Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және негізгі тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін Алматыда «демалыс күнгі жәрмеңкелер» тұрақты түрде өткізіліп келеді.
2026 жылдың басынан бері қалада 100-ден астам жәрмеңке өтті. Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Талғар және Жамбыл аудандарынан келген 315-тен астам фермер мен тауар өндіруші қатысып, 1000-нан астам өнім түрі сатылған. Биылғы жәрмеңкелерде сатылған азық-түлік көлемі 5 мың тоннаға жуықтады, аптасына орта есеппен 500 тоннаға дейін өнім ұсынылуда.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен «Алматы» ӘКК-ның хабарлауынша, жоспардан тыс санитарлық-профилактикалық шараларға байланысты 14-15 наурыз күндері Масанчи мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы жәрмеңке уақытша өткізілмейді. Басқа аудандардағы жәрмеңкелер бұрынғы тәртіппен сенбі-жексенбі күндері таңғы 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмысын жалғастыра береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







