Алматы облысында 14 наурыз Амал мерекесі, яғни Көрісу күні ерекше ықыласпен әрі жоғары деңгейде аталып өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесінің бастамасы болған бұл күнде облыстың барлық аудан-қалаларында ұлттық нақыштағы ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 13 наурыз күні Іле, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар және Жамбыл аудандары көрісу дәстүрін алғаш болып бастаған еді. Ал Алатау, Қонаев қалалары мен Райымбек, Балқаш, Кеген, Қарасай аудандары мерекенің жалғасын 14 наурыз күні сән-салтанатымен жалғастырды.
Бұл күні тұрғындар бір-бірімен арнайы жүздесіп, қол алысып, төс қағыстырып, үлкендерден бата алып, ізгі тілектер айтты. Жастар қауымы қазыналы қарттарды ардақтап, ұлттық дәстүрді дәріптеуге ерекше мән берді.
Аймақтың орталық алаңдарында, мәдениет үйлері мен демалыс орындарында халыққа арналған мерекелік концерттер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен қолөнер шеберлерінің көрмелері көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермен қауым мерекелік шаралардан ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Әсіресе, облыстағы жастар мен еріктілердің белсенділігі ерекше байқалды. Олар үлкен буын өкілдерін арнайы құттықтап, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға атсалысты. Осылайша жас буын мен аға ұрпақ арасындағы рухани сабақтастық тағы бір рет беки түсті.
Көрісу күні – халқымыз үшін татулық пен ауызбіршіліктің, сыйластық пен құрметтің символы. Бұл дәстүрдің басты мәні – өкпе-ренішті артқа тастап, бір-бірімен жылы қауышып, жаңа жылды таза ниетпен қарсы алу.
Жалпы Алматы облысында ұйымдастырылған бұл мерекелік шаралар халқымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарының өміршеңдігін дәлелдеп қана қоймай, елдің рухани бірлігін нығайта түсуге де зор септігін тигізді.
Бүгін Қонаев қаласындағы «Comfort» көппәтерлі тұрғын үй кешенінен 50 адам баспаналы болды. Бұдан басқа Іле ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық орталықтар іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







