Елімізде жеткізілмеген сәлемдеме туралы жалған хабарлама тарататын алаяқтықтың жаңа толқыны басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алаяқтар жиі қолданатын әдіс? Бас прокуратура жанындағы Қылмыстық қауіп-қатер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы алаяқтардың схемасын жария етті. Алаяқтар тұрғындарға «сіздің сәлемдемеңіз жеткізілмеді» деген жалған хабарлама жібереді. Мұндай хабарлама әдеттегі курьер қызметінің ескертулеріне өте ұқсас.
Хабарламада курьердің тапсырысты жеткізе алмағаны айтылып, қайта жеткізу үшін арнайы парақшаға өтуді сұрайды. Бірақ көрсетілген сілтеме логистикалық компаниялардың ресми сайттарына өте ұқсас жалған ресурсқа апарады.
«Пайдаланушыға аты-жөні, ЖСН, мекенжайы сияқты жеке деректерін енгізу ұсынылады. Сонымен қатар сәлемдемені қайта жіберу үшін шағын төлем сұрайды. Осы деректер мен төлемді алған соң, қылмыскерлер пайдаланушының банк реквизиттерін қолына түсіреді. Бұл қаржылық шығынға ғана емес, жеке мәліметтердің басқа да қылмыстық мақсатқа қолданылуына әкелуі мүмкін», – деп ескертеді прокуратура.
Алаяқтарға алданып қалмау үшін:
- егер сәлемдеме күтпесеңіз, SMS пен мессенджердегі сілтемеге кірмеңіз;
- сайттың мекенжайын мұқият тексеріңіз: жалған сайттардың адресінде бір-екі әріп немесе таңба өзгеше болады;
- күдікті ресурстарға жеке және банк ақпаратын енгізбеңіз;
- жеткізу мәртебесін тек ресми сайт пен логистикалық компаниялардың қосымшасынан тексеріңіз;
- күмәнді хабарламаларды елемей, бірден бұғаттаңыз.
Прокуратураның мәліметінше, алаяқтар азаматтардың хабарламаларға тез жауап беретін әдетін пайдаланып, осындай әдіспен көптеген адамды зардап шектіруде.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк телефон алаяқтығының көбейгенін ескерткен болатын. Қылмыскерлер ашық дереккөздер мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың жеке деректерін жинап, кейін банк карталарын бұғаттап, «қауіпсіз шотқа аудару керек» деген сылтаумен SMS-код, интернет-банкинг паролі мен CVV-кодтарды алып отырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







