Қазақстанның бірнеше өңірінде тек шетелдіктерге арналған жаңа казино ашылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласы мен балалар спортын қолдау мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа қол қойды. Соның ішінде ойын бизнесіне қатысты жаңа ережелер бекітілді.
Жаңа заңға сәйкес, Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында казино салынады. Жетісу облысының Панфилов ауданында және Алакөл көлінің жағалауында, Алматы облысының Талғар ауданында да ойынханлар салынбақ. Ал Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл мен Зайсан аудандарында казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ашуға рұқсат етіледі.
Бұл ойын мекемелеріне тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар, ойын бизнесінің қызметкерлері, сондай-ақ қызмет бабымен келетін өзге де тұлғалар ғана кіре алады.
Еске салсақ, Қазақстанда ойын бизнесі тек Алматы облысының Қонаев қаласы мен Ақмола облысының Щучинск ауданындағы әкімдік белгілеген арнайы аумақтарда заңды түрде жұмыс істейді.
Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әрбір жаңа казино бюджетке жылына 2-3 миллиард теңге көлемінде салық әкелетінін айтты. Сондай-ақ, 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын құратынын мәлімдегені есімізде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







