Израиль Иранның қауіпсіздік басшысы Әли Лариджанидің көзін жойғанын хабарлады. Осыған орай, Иранның жоғары лауазымды шенеунігі жаңа жоғарғы көшбасшының арадағы елдер ұсынған шиеленісті бәсеңдету ұсыныстарынан бас тартқанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Иран тарапы шиеленісті азайтуға бағытталған ұсыныстарды екі делдал ел арқылы алған. Бұл туралы аты-жөнін жария етпеуді сұраған Иранның жоғары лауазымды шенеунігі хабарлады. Алайда жаңа жоғарғы көшбасшы Аятолла Моджтаба Хаменеи АҚШ пен Израиль «тізерлеп кешірім сұрамайынша, жеңілісін мойындап, шығынды өтемейінше» келіссөзге келмейтінін жеткізген.
Хаменеи ақпан айының соңында әуе соққысы кезінде қаза тапқан әкесі Аятолла Әли Хаменеидің орнына келген болатын. Оның осы пікірді қандай форматта – жеке өзі немесе онлайн түрде жеткізгені әзірге белгісіз.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы үшінші аптаға созылды. Осы уақыт аралығында кем дегенде 2 мың адам қаза тапқан. Қақтығыстың аяқталатын түрі көрінбейді.
Қазіргі уақытта стратегиялық маңызға ие Ормуз бұғазы толық дерлік жабық тұр. Бұл әлемдік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен 20 пайызын құрайтын маңызды теңіз жолы.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац сейсенбі күні Иранның қауіпсіздік басшысы Әли Лариджанидің өлтірілгенін хабарлады. Лариджани – Ирандағы ең ықпалды тұлғалардың бірі болатын. Сондай-ақ, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Басидж» еріктілер жасағының басшысы Голамреза Солеймани да қаза тапқан.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі «Иран режимінің жоғары лауазымды тұлғаларын жоюға» бұйрық бергенін растады. Тегеран бұл мәлімдемеге әлі жауап берген жоқ. Дегенмен, Иран мемлекеттік басылымдары сейсенбі күні Лариджанидің қолымен жазылған, АҚШ шабуылынан қаза тапқан ирандық теңізшілерге арналған жазбаны жариялады.
Лариджани ақпанның 28-і күні АҚШ пен Израильдің әуе соққыларынан қаза тапқан Жоғарғы көшбасшы Аятолла Хаменеиден кейін өлтірілген ең жоғары лауазымды тұлға.
Фуджейра порты жұмысын тоқтатты
Сейсенбіге қараған түні Иран да Израильге бірнеше зымыран ұшырды. Осы арқылы Тегеранның АҚШ пен Израильдің екі аптадан астам уақыт бойғы шабуылдарына қарамастан, ұзақ қашықтықтағы соққылар жасау мүмкіндігін сақтап отырғаны байқалды.
Иран әскері Израиль аумағындағы кибер-технология орталықтары мен қару-жарақ өндірісімен айналысатын Rafael компаниясының зауыттарына дрондармен шабуыл жасағанын хабарлады. Израиль армиясы болса, Тегеран мен Бейруттағы «Хезболла» нысандарына тағы бір әуе соққыларын бастағанын мәлімдеді. Израиль тарапы бұл қақтығыс кем дегенде тағы үш апта жалғасады деп отыр.
Иран тарапы бұған жауап ретінде Парсы шығанағы елдеріне де шабуылдар жасады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, аймақтағы алты дипломат қақтығыс болған жағдайда Иран Парсы шығанағындағы араб елдерін шабуылдайтынын алдын ала болжаған. Қазірге дейін БАӘ мен аймақтағы басқа да мемлекеттерге қарсы 2 мыңнан астам зымыран мен дрон шабуылдары жасалған.
Сейсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Фуджейра портындағы мұнай тиеу жұмысы тоқтады. Бұл төрт күн ішінде жасалған үшінші шабуылдың салдарынан болып отыр. Ормуз бұғазынан тыс жерде орналасқан Фуджейра порты әлемдік нарыққа мұнай тасымалдайтын санаулы маңызды жолдың бірі еді.
Сондай-ақ, БАӘ билігі Абу-Дабидің Бани Яс аймағында зымыран қалдықтарының құлауынан Пәкістанның бір азаматы қаза тапқанын хабарлады. Ал Шах газ кен орнында дрон шабуылынан өрт шыққан.
Сейсенбі күні мұнай бағасы шамамен 4 пайызға өсті. Инвесторлар қақтығыс жалғасса инфляция деңгейінің қайта өсуінен қауіптеніп отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп одақтастарын Ормуз бұғазын ашу үшін әскери көмек көрсетуге шақырды. Дегенмен оның бұл ұсынысы әзірге қолдау тапқан жоқ.
Еуропалық Одақтың сыртқы саясат бойынша басшысы Кая Каллас Reuters агенттігіне берген сұхбатында «ешбір ел өз азаматтарын Ормуз бұғазында қауіпке тігіп, әскери әрекетке баруға дайын емес» екенін айтып, бұл мәселені тек дипломатиялық жолмен шешу керектігін жеткізді. Калластың айтуынша, бұғазды жабық ұстау бүкіл әлемді азық-түлік, тыңайтқыш және энергетикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін.
Әлеуметтік желіде «Қытайдың Нострадамусы» деген атпен танымал профессор Цзян Сюэцин сайтымызда АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын болжады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







