Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасын түгелдей өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қосымша айып тағылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz Tengrinews-ке сілтеп.
Ішкі істер министрлігінің ресми жауабына сәйкес, күдікті енді екі бап бойынша тергелуде:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі – «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру»;
- 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық».
«Атырау облысы полиция департаменті адам өлтіру және олардың мүлкін ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды», – делінген министрліктің хабарламасында.
Алайда ведомство күдіктінің әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның іске қатыстылығына әзірге құқықтық баға берген жоқ.
Контекст
Қайғылы оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында болған еді. Сол кезде Жангелдин ауылында тұратын зейнеткерлер мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткені туралы хабар тараған болатын. Кейіннен, 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық нысанның астынан табылды.
Тергеу негізгі күдікті ретінде 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевті анықтады. Ол әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге шетелге қашып, Индонезияның Сенару ауылында ұсталды.
Экстрадициядан кейін Сәрсемалиев тағы екі адамды Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың денелері көмілген жерді көрсетті. Марқұмдарды Геолог шағын ауданындағы күдікті жалға алған үйдің ауласынан тапты.
Ақбаян Мұқанғалиева қазір Атырауда психиатриялық сараптамадан өтуде. Оның іске қатыстылығы тексерілуде, тергеу жалғасып жатыр. Іс ерекше бақылауға алынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







