Қазақстанда 17 наурыздан бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру науқаны басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары төрағалық ететін шақыру комиссиялары 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды 30 маусымға дейін әскер қатарына жіберумен айналысады.
Қарулы күштер Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы Алмас Исабековтің сөзінше, көктемгі кезеңде ел бойынша 21 мың адамды әскерге алу жоспарланған.
Соның ішінде 11 мыңнан астам азамат Қарулы күштерге, 7 мыңнан астамы Ұлттық ұланға, 2 мыңы ҰҚК Шекара қызметіне, 400 адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, тағы 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
Әскерге шақыру қағазы енді азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталы арқылы жолданады. Хабарлама шақырылатын күннен кемінде үш күн бұрын жіберілуі тиіс. Ресми ескерту ретінде танылатын мұндай шақыртуды алған азамат әскери комиссариатқа не шақыру пунктіне келуге міндетті.
Нені ескеру керек?
Қорғанмин өкілдері себепсіз келмеген адам заң алдында жауап беретінін ескертті. Жағдайға қарай әкімшілік шара қолданылуы мүмкін. Ал әскерден әдейі жалтару қылмыстық жауапкершілікке ұласуы ықтимал.
Әскерге шақыру уақыты? Министрлік әскерге алынған азаматтарға бірқатар жеңілдік қарастырылғанын да мәлімдеді. Олардың қатарында несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ҰБТ нәтижесін есепке алмастан жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына түсуге жол ашылады. Әскери қызмет кезінде сарбаздар арнайы оқу орталықтарында жұмысшы мамандықтарын меңгере алады.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарды босату және жаңа азаматтарды әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойған еді. Құжатқа сай, шақыру науқаны наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан аралығында өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







