Шымкенттен Отан алдындағы борышын өтеуге сап-сау кетіп, үйіне сал болып оралған сарбаз Өмірбек Сұлтанмұратовтың туыстары әділдік іздеп шыр-пыр болуда. Павлодар қаласындағы Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінде қызмет еткен жігіт үйіне қайтуға небәрі бір ай қалғанда ес-түссіз ауруханаға түсіп, бас сүйегіне жасалған отадан кейін төсекке таңылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресми диагноз және ата-ананың күдігі
Дәрігерлер ауыр халде жеткізілген сарбаздың басына ота жасап, «менингит» диагнозын қойған. Алайда 18 жасында өз еркімен әскерге аттанған баласының жағдайына ата-анасы бейжай қарай алмай отыр. Олардың айтуынша, Өмірбек қатарға қосылғанға дейін спортпен белсенді айналысқан, көкпар тартып жүрген сақадай сай жігіт болған. Жақындары сарбаз аурудан емес, басынан алған ауыр соққыдан мүгедек болып қалғанына сенімді.
Сарбаздың анасы Мәдина Шұқамбаева ұлының командирлеріне шағымданғанымен, уақытылы медициналық көмек көрсетілмегенін айтып көз жасына ерік берді.
«Әскерде бала ауырса қарамаған ба сонда? Сап-сау кеткен бала еді. Кейін білдік, командирлеріне „ауырып жатырмын, дәрігерге апарыңызшы“ деп айтқан екен, апармаған. Әбден комаға түскен кезде ғана емханаға жеткізіпті. Балама „гайморит асқынған“ деді, егер солай болса дер кезінде емделіп шығатын еді ғой. Кейін дәрігерлерге апарып тексерткенде басынан қатты соққы алғанын, енді түзелмейтінін айтты», – деді сарбаздың анасы.
«Өзім апарып бергеніме өкінемін»
Өмірбек Сұлтанмұратов бала кезінен әскери қызметші болуды армандап, түрлі спорттық жарыстарда топ жарып келген. Оның әкесі Рустамбек Шұқамбаев ұлын әскери комиссариатқа өз қолымен апарып тапсырғанына қатты өкінетінін жеткізді. Отағасы үш жылдан бері төсек тартып жатқан перзентін емдету барлық отбасы үшін үлкен қасіретке айналғанын айтады.
Қайғыдан қабырғасы қайысқан әке сарбаздарды мүгедек етіп қайтаратын жауапсыз жүйеге наразылығын білдірді.
«Баламды әскери бөлімге өз қолыммен апарып тапсырғаныма өкінемін. Олардың бар білетін сөзі – „еркексің, шыда“. Мұндай күйге түскенше, әскерге бармай-ақ қойғаны жақсы еді. Барлық ата-ананы шырылдатып қойды. Баламызды қаратып жүргенімізге үш жарым жыл болды, кім көмектеседі? Небәрі 850 мың теңге сақтандыру ақшасын қолымызға ұстатты да, жібере салды. Барлық ауыртпалықты арқалап жалғыз қалдық», – деп налыды сарбаздың әкесі.
Қылмыстық іс неге қозғалмады?
Отбасы мүшелері сарбаздың осындай мүшкіл жағдайға қалай тап болғанын әлі күнге дейін нақты біле алмай келеді. Өйткені жауапты органдар оқиға бойынша қылмыстық іс те қозғамаған. Ең өкініштісі, 2023 жылдан бері сөйлей алмай, төсекке таңылған Өмірбектің өзі де басынан өткен жағдайды түсіндіріп бере алмайды.
Жақындары бұл істе шикілік көп екенін алға тартып, кінәлілердің міндетті түрде жазалануын талап етіп отыр. Аталған жағдайға байланысты журналистер Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, жауабын күтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







