Қазақстанда азаматтардың тегін медициналық көмек алу құқығы сақталады, ал оны қаржыландыру арналары кеңейтіледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұны Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің көлемін қысқартпайды.
Керісінше, билік тегін медицинаны қаржыландыру үшін қосымша көздерді тартуға ниетті. Енді жүйеге мемлекеттік бюджетпен қатар халықаралық ұйымдар мен ірі ұлттық компаниялар да қатысуы мүмкін.
Сонымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласындағы негізгі тетіктің бірі болып қала береді. Балаеваның сөзінше, сақтандыру пакеті азаматтардың жоспарлы әрі жоғары технологиялық медициналық қызметтердің басым бөлігіне қол жеткізуіне жол ашатын тиімді құралға айналуға тиіс.
Вице-премьер мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің көлемі өзгермейтінін, ал азаматтардың құқығы әлсіремейтінін айтты. Керісінше, құқықтық кепілдік одан әрі күшейе түспек.
Сондай-ақ ол азаматтардың денсаулығын қорғау және биологиялық қауіпсіздікке қатысты конституциялық құқықтары да сол күйі сақталатынын атап өтті.
Айта кетелік, бұған дейін премьер Бектенов атышулы МӘМС-ке шүйлігіп, жүйедегі жемқорлықты әшкере еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







