Алматыда қазақтың сирек кездесетін қолданбалы өнерінің бірі, зерлеу қайта жанданып келеді. Осы ретте «Зерлеу» авторлық үйі алтын және күміс жіппен кестелеу дәстүрінің қалай жаңғырып жатқандарын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл шеберханаға кірген сәтте көзге бірден түсетіні – нәзік өрнек пен терең мағына. Алтын жіппен зерленген камзолдар мен күрделі оюлар тек сән үшін емес, тұтас тарихтың ізі іспетті. Бір кездері дәл осындай әдіспен хандар мен сұлтандардың киімдері тігілген.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зерлеу өнері жойылып кетудің алдында тұрды. Көптеген технологиялар мен тәсілдер ұмытылып, бұл бағыт зерттелмей қалған еді. Бүгінде сол үзіліп қалған сабақтастық қайта жалғасып жатыр.
Осы істің басында тұрған санаулы шебердің бірі Айжан Әбдубаит. Ол дизайнер-реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі және «Жігер» фестивалінің лауреаты. Айжан бұл өнерді тек үйреніп қана қоймай, оны ғылыми тұрғыда зерттеп, қайта қалпына келтіруге өмірінің жартысын арнаған.
Шебердің айтуынша, қазақтың қолданбалы өнері өте кең. Ағаш өңдеу, зергерлік, тоқыма, киіз басу, кілем тоқу – әрқайсысы өзіндік мектеп. Ал кесте өнерінің ішінде зерлеу ерекше орын алады.
– Зерлеу жоғалып кетуге шақ қалған өнер. Оның әрбір элементі халқымыздың талғамын, мәдени деңгейін көрсетеді. Сондықтан оны сақтап қалу – жай хобби емес, жауапкершілік, – дейді Айжан Әбдубаит.
Оның жұмыстарының ішінде тарихи реконструкциялар ерекше орын алады. Шебер Жәңгір ханның жары Фатима ханшаның Бірінші Николайдың таққа отыру рәсімінде киген көйлегі мен камзолын қайта тіккен. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірді жабатын кілем мен Жәңгір ханның әскери киімін қалпына келтірген.
Бұл жұмыстар тек қолөнер емес, тарихты қайта тірілтуге бағытталған зерттеу еңбегі ретінде бағаланады.
Қазіргі таңда ұлттық киім тек мерекелік атрибут болудан қалып барады. Қала көшелерінде де дәстүрлі элементтерді қолданған адамдар көбейіп келеді. Осы үрдіс зерлеу сияқты нәзік өнердің қайта сұранысқа ие болуына жол ашты.
Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше оқиға болды: Almaty Arena-да 11 мыңнан астам жас домбырашы қатысқан ірі флешмоб өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







