Маңғыстау облысында 15 наурыз күні дүниеге келген сәбиге ерекше есім берілді. Нәрестеге Атазаң есімі қойылып, оны перзентханадан шығарып салу рәсімі салтанатты түрде өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара перзентхана алдында ұйымдастырылып, жас ана мен сәби жақындарының ыстық ықыласымен қарсы алынды. Жиналғандар сәбиге ақжарма тілектерін айтып, денсаулық, бақыт пен жарқын болашақ тіледі.
Бұл оқиғаның маңызын арттырған жайт жаңа туған сәбидің аттасы, Түркістан облысынан арнайы келген 16 жастағы Атазаң Дохтырханның қатысуы болды. Сирек есімді иеленген екі буын өкілінің кездесуі ерекше символдық мәнге ие болды.
Жасөспірім әкесі Еркебұлан Тұрғынбаймен бірге келген. Оның айтуынша, бұл есім ұлына үлкен сеніммен берілген.
– Біз ұлымызға бұл атты бекер қоймадық. Оның елге қызмет ететін, заңды құрметтейтін азамат болғанын қаладық. Бүгін арнайы келіп, кішкентай есімдесіне ақ жол тілеп отырмыз, – деді ол.
Қазіргі таңда Атазаң Дохтырхан колледжде автоэлектрик мамандығы бойынша білім алып жүр.

Салтанатты шара аясында жасөспірімге Маңғыстау облысы атынан ерекше сый ұсынылды. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті оған білім грантын табыстады.
Жиынға Маңғыстау облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов қатысып, сәбиге ақ батасын берді. Ол бұл оқиғаның мәніне тоқталып, оны символдық құбылыс ретінде бағалады.
– Бүгін біз үш Атазаңды қатар көрдік. Бірі – жаңа туған сәби, бірі – жасөспірім, үшіншісі – еліміздің басты құндылығы, Конституция. Бұл жай сәйкестік емес. Маңызды белгі. Бала ертең елінің тірегі болып, халқына қызмет етсін, – деді ақсақал.
Бұл оқиға ұрпақтар сабақтастығының, заңға құрметтің және ұлттық құндылықтардың өмірмен астасқан нақты көрінісіне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







