Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еліміздің бірқатар өңір әкімдіктері мен шетелдік алпауыт компаниялар арасында маңызды келісімдер бекітілді. Жаңа жобалар өңірлерде өнеркәсіп ошақтарын ашуға, «жасыл» энергетиканы дамытуға және автоөндірісті кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Абай облысы: алюминий зауыты мен жиһаз кластері
Форум аясындағы ең қомақты бастамалардың бірі Абай облысында жүзеге асырылмақ. Облыс әкімдігі қытайлық «Xinjiang Sanbao Industrial Group» және «Inner Mongolia Wanjiang Investment» компанияларының консорциумымен қос бірдей маңызды құжатқа қол қойды.
Бірінші келісім өңірде электролиттік алюминий шығаратын зауыт пен оны экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ететін ілеспе жел электр станциясын салуды қарастырады. Ал екінші құжат бойынша Семей қаласында ағаш-жоңқалы тақталар (ДСП) өндіретін жаңа кәсіпорын бой көтереді. Жаңа өндіріс отандық жиһаз өнеркәсібін шикізатпен қамтып, импортты алмастыруға серпін береді.
Ақмола облысында – 450 МВт жел электр станциясы
Ақмола облысының әкімдігі жаңартылатын қуат көздері саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналатын «SUNGROW Renewable Development» корпорациясымен әріптестік орнатты.
Тараптар өңір аумағында жалпы қуаты 450 мегаватт болатын заманауи жел электр станцияларын салу жөнінде уағдаласты. Энергетикалық жоба өңірді арзан әрі экологиялық таза қуатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа өндірістік жұмыс орындарын ашады.
Шығыс Қазақстан мен Түркістан: көлік құрастыру және карбамид өндірісі
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі «East Motors Corporation» компаниясымен жеңіл және мамандандырылған автомобильдер шығаратын жоғары технологиялық автоқұрастыру кешенін құру туралы келісімге келді. Жаңа автокешен еліміздегі машина жасау саласының үлесін арттыруға септігін тигізбек.
Ал оңтүстік өңірде ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған өндіріс жолға қойылады. Түркістан облысының әкімдігі минералды тыңайтқыштар зауытын салу жөнінде инвесторлармен келісім жасасты. Кәсіпорын отандық егіншілер үшін аса тапшы карбамид тыңайтқышын өндіруге маманданады.
Алматы қаласы: Гонконг биржасындағы «dim sum» облигациялары
Мегаполис басшылығы халықаралық капитал нарығын игеру бағытында қаржылық келісім бекітті. Алматы қаласының әкімдігі мен беделді «Guotai Junan Securities (Hong Kong) Limited» қаржы институты арасында ынтымақтастық туралы құжат қабылданды.
Келісімге сәйкес, шетелдік қаржы ұйымы Алматы әкімдігіне Гонконг қор биржасында (HKEX) қытай юанімен шығарылатын «dim sum» форматындағы облигацияларды орналастыруға және оны сүйемелдеуге көмектеседі. Мұндай қадам қалалық ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық арзан инвестиция тартуға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







