Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Саменқұлов этика кеңесінің алдында жауап берді. Қызметкерлер оған дөрекілік танытып, өзін жоғары ұстады деп шағым түсірген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің этика кеңесінде қаралған мәселеде қызметкерлердің бірі аудиожазба ұсынған. Жазбада Саменқұловтың қол астындағы мамандардың біріне дөрекі сөйлеп, бірнеше рет «Сіз кімсіз өзі?» және «Есіміңіз кім?» деп қайталап сұрағаны анық естіледі.
«Бастысы бейәдеп сөз жоқ екен, мұныңыз дұрыс. Бірақ дөрекілік, менсінбеушілік байқалады. Бірнеше жыл бірге жұмыс істеген қызметкеріңіздің есімін он қайталап сұрай беруіңіз мемлекеттік қызметкерге жараспайды», – деді этика кеңесінің мүшесі Амангелді Хамзин.
Қызметтік тексеріс жүргізіліп, Саменқұловтың іс-әрекеті этикалық нормаларды бұзғаны расталды. Алайда шенеуніктің өзі кінәсін мойындаған жоқ. Оның айтуынша, шағым тек бір бөлім қызметкерлерінен түскен, ал басқа бөлімдерде оның жұмысына жақсы баға беріліп отыр.
«Бұл ма, бұл бекер емес. Мен жақында Бельгияда тәжірибеден өтіп келдім, кейін Әділет министрлігінен басқа өңірге жаңа қызмет ұсынды, мен одан бас тарттым. Шағымдардың сонымен байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын», – деді Саменқұлов.
Дегенмен кеңес мүшелері оның уәжін қабылдамай, мемлекеттік қызметкерге ұжымда сабырлы, салмақты болуға және әріптестерімен, әсіресе әйел адамдармен жанжалға түспеуге кеңес берді. Ақыры шенеунікке қатаң сөгіс жариялау туралы шешім қабылданды.
Айта кетелік, бұған дейін Павлодарда тағы бір шенеунік дауға қалған болатын. Еңбек мобилдігі орталығының директоры алкотестіден өтуден бас тартқаны үшін сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







