Түркістанда Рамазан айында игі бастама жалғасып, жастар көпбалалы отбасыға баспана тарту етті. Бұл үрдіс жыл сайын дәстүрге айналып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Түркістан қаласындағы «Бекзат» мөлтек ауданының 1995 жылы туған азаматтары бірігіп, жалғызбасты ана Айсұлу Көшербаеваға 5 бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Ол бірнеше жылдан бері төрт баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келген. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі әкесіне де қамқорлық жасап жүр.
Салтанатты рәсімге өңірдің беделді тұлғалары қатысты. Үйдің лентасын ауыл ақсақалы Дәулеткерей Оспанов, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызы және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серім қиды.
Қалалық мәслихат депутаттары мен ел ағалары жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Бұл бастама бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан қайырымдылық эстафетасының бір бөлігі. Алғашында 1988 жылы туған азаматтар қолға алған игі іс кейінгі буынға үлгі болып, жалғасып келеді. Бүгінге дейін осы дәстүрдің арқасында 20 отбасы баспаналы болған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасады. 29 наурыз күні «Ынтымақ» саябағында өтетін Наурыз мерекесінде эстафета 1996 жылы туған азаматтарға табысталады.
Жалпы, бұл мөлтек ауданда жыл сайын кемінде екі аз қамтылған отбасыға баспана сыйлау дәстүрге айналған. Бұл бастама қоғамда жанашырлық пен бірліктің нақты көрінісіне айналып отыр.
Кір жуғыш машинаның ішкі құрылысы мен жұмыс істеу принципін қарапайым тілмен түсіндіріп, оған қалай дұрыс күтім жасау керектігі туралы кеңестер құлақ асыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







