Маңғыстау облысында Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Ақтау қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған мұз сарайының ашылуы өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамуына тың серпін берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде жастарға қолайлы жағдай жасау мен бұқаралық спортты дамыту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
– Жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беру стратегиялық міндет. Қысқы спорт түрлерін дамыту арқылы жаңа буынның әлеуетін ашуға жол ашамыз, – деді өңір басшысы.
Мұз сарайының лентасын қию рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, кәсіпкер Ұлықпан Көбесов, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Гаухар Наурызова, хоккейден халықаралық деңгейдегі спорт шебері Дмитрий Шахов және шақырылған жаттықтырушы Алена Панкратова қатысты.

Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан. Бұл – бизнестің әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымға қосқан үлесінің нақты көрінісі. Нысан «Даму» қоры арқылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған.
Екі қабатты кешенде мұз аренасы, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар кабинеттері, әкімшілік кеңселер және келушілерге арналған демалыс аймақтары қарастырылған. Ашылу рәсімінен кейін хоккей матчтары, мәнерлеп сырғанаудан көрсетілімдер және тұрғындар үшін жаппай сырғанау ұйымдастырылды.
Жаңа мұз сарайы төрт олимпиадалық спорт түрін дамытуға мүмкіндік береді: хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және кёрлинг. Алдағы уақытта өңірге тәжірибелі жаттықтырушылар тарту жоспарланып отыр.
Бұл нысан Маңғыстау облысында қысқы спортты дамытуға, жастарды қолдауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Айтқандай, Маңғыстау облысында 15 наурыз күні дүниеге келген сәбиге ерекше есім берілді. Нәрестеге Атазаң есімі қойылып, оны перзентханадан шығарып салу рәсімі салтанатты түрде өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







