Мәдениет және ақпарат министрлігі журналист Ботагөз Омарованың қылмыстық ісін ерекше бақылауда ұстап отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz Аида Балаеваның мәлімдемесіне сүйеніп.
Министрдің айтуынша, ведомство оқиғаның өрбуін жіті қадағалап, қажет жағдайда өз құзыреті шеңберінде іске араласуға дайын.
«Осындай жағдайларда асығыс шешім, біржақты интерпретация, негізсіз қорытынды жасауға болмайды. Заң бойынша барлық рәсімдер толық аяқталмай тұрып, қандай да бір баға беру немесе қатысушылардың беделіне нұқсан келтіру әрекеттері мүлде орынсыз. Әділдік салтанат құратынына сенемін», – деп жазды Аида Балаева өзінің парақшасында.
Министр журналистердің ақпараттың рас-өтірігін мұқият тексеруі міндет екенін еске салды. Сондай-ақ, «Масс-медиа туралы» заңның 68-бабына сәйкес, ресми тұлғалардың сөздерін дәлме-дәл келтірген кезде журналистер жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылатынын атап өтті.
Осы тұста бір топ журналист Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Ботагөз Омароваға қатысты істі тоқтатуға жәрдемдесуді және ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабын («Көрінеу жалған ақпарат тарату») қылмыс құрамынан алып тастауды сұрады.
«Министрлік аталған жағдайды үнемі назарда ұстап отыр және барлық процессуалдық әрекеттердің заң аясында жүргізілуін қамтамасыз ету қажет деп санайды. Әрбір азамат үшін заң – ортақ әрі міндетті. Сондықтан мәселе тек заң шеңберінде шешілуі тиіс», – деп түйіндеді Балаева.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







