Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Үндеуінде табиғатты қорғау мен экологиялық тазалықтың маңыздылығын ерекше атап өтіп, бүкіл ел бойынша «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына ресми түрде бастау берді. Осы бастаманы қолдаған Түркістан облысында кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген бұл акцияның мәні ерекше. Себебі Наурыз – табиғаттың жаңарып, қоршаған ортаның тазаратын, адамның рухани жаңғыратын кезеңі. Акция аясында Түркістан облысының шығыс қақпасы саналатын, табиғаты сұлу, бұлаққа бай Түлкібас ауданында белсенді жұмыстар қолға алынды.
Қаратау мен Алатау сілемдері түйісетін Түлкібас өңірі – табиғаты ерекше аймақ. Мұнда жеті өзеннің бастауы, жүзге тарта бұлақ көзі бар. Бұл су көздері жергілікті халықтың күнделікті тіршілігінің қайнар көзіне айналған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен жастар Түлкібас ауданына арнайы келіп, «Әулие бастау» бұлағын тазартты. Бұлақ айналасы абаттандырылып, жас ағаш көшеттері отырғызылды. Акция барысында облыс басшысы Нұралхан Көшеров бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі үндеуімен ресми басталған «Мөлдір бұлақ» акциясы жай ғана бір күндік іс-шара емес, болашаққа қалдыратын таза табиғатымыздың кепілі. Бүгінде су ресурстарының тапшылығы – бәрімізге ортақ мәселе. Сондықтан бұлақ көздерін тұрақты тазалап, тиімді пайдалануымыз қажет. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыздың өсиетін жүзеге асыру – азаматтық парызымыз. Бұл шараға облысымыз бойынша 1500 адам белсенді атсалысуда. Жалпы, өңірде 1500-ге жуық бұлақтың көзін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Ашылған «Әулие бастау» бұлағының тарихы тереңде жатыр. Ол 1940 жылдан бері аудан халқының игілігіне жарап келеді. Бұлақ суы Жыланды және Көкбұлақ өзендері арқылы Арыс өзеніне құйылып, бірнеше ауылдың тіршілігіне нәр беруде. Бүгінде осы бұлақтың арқасында 45 гектар суармалы жер, 30 гектар егістік және 120-дан астам тұрғын үй сумен қамтамасыз етілген.

Түлкібас ауданында 59 елді мекеннің 49-ы табиғи бұлақ көздерінен ауыз суын ішіп отыр. Сондай-ақ аудандағы 111 канал арқылы 13 832 гектар ауылшаруашылық жері сумен қамтылып, өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бұл – бұлақ көздерін сақтаудың стратегиялық маңызы бар екенін көрсетеді.
Бүгінгі акция тек Түлкібас ауданымен шектелмей, Түркістан облысының барлық аудандарында бір мезетте ұйымдастырылып, жалпы саны 1500-ге жуық адам қатысты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өңір бойынша 1,3 миллионға жуық тұрғын қатысып, 1 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл экологиялық шаралар жалғаса береді.
Алдағы уақытта бұлақтардың айналасына заманауи технология – арнайы QR-кодтар орнату жоспарлануда. Бұл арқылы халық бұлақтардың тарихы мен маңызы туралы ақпаратқа қол жеткізе алады. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық сауатын арттырып, табиғатқа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.
Қорыта келгенде, «Мөлдір бұлақ» акциясы – табиғатты қорғаумен қатар, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған игі бастама. Осындай ізгі іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен жүзеге асатыны сөзсіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







