АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы алқабилер соты Meta компаниясын платформалардағы қауіпсіздікке қатысты пайдаланушыларды жаңылыстырды және балаларды қанауға жол ашқан орта қалыптастырды деп танып, 375 миллион доллар төлеуге міндеттеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс материалдарына қарағанда, қазылар алқасы компания кәмелетке толмағандарға төнетін қауіп жөніндегі ескертулерді елемей, өз платформаларында жеткілікті қорғаныс деңгейін қамтамасыз етпеген деген қорытындыға келген. Соның салдарынан Meta Нью-Мексико штатының тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңын бұзды деп танылған.
Компанияға қарсы талапты 2023 жылдың желтоқсанында штаттың бас прокуроры Рауль Торрес берген. Талап арызға Facebook пен Instagram желілерінің балаларды сексуалдық қанау мақсатындағы саудада пайдаланылғанын көрсеткен тергеу деректері негіз болған.
Сот әрбір құқықбұзушылық бойынша ең жоғарғы көлемдегі айыппұлды бекіткен. Яғни әр эпизод үшін 5 мың доллардан есептеліп, жалпы сома 375 миллион долларға жеткен. Meta талап арыздағы екі эпизод бойынша да жауапты деп танылды.
Компания шешіммен келіспейтінін және апелляцияға жүгінетінін мәлімдеді. Meta өз ұстанымында пайдаланушылар қауіпсіздігіне қаржы құйып жатқанын, әсіресе жасөспірімдерді қорғауға арналған құралдарды дамытып отырғанын алға тартқан.
Сот процесі кезінде…
Айыптаушы тарап ішкі құжаттар мен куәлік айғақтарын ұсынған. Сол материалдарға сүйенсек, компания басшылығы проблемадан хабардар болғанымен, жеткілікті деңгейде әрекет етпеген деген тұжырым жасалған.
Іс барысында Messenger жүйесіндегі шифрлау мәселесі де бөлек талқыланған. Тергеу нұсқасына сай, дәл осы технология балаларға қарсы жасалатын қылмыстарды ашуды күрделендірген.
Даудың келесі кезеңі 4 мамырда басталады. Прокуратура енді қосымша санкциялар мен платформалар жұмысына нақты өзгеріс енгізуді талап етпек. Оның ішінде пайдаланушылардың жасын тексеру және кәмелетке толмағандарды қорғау тетіктерін күшейту ұсынысы бар.
Meta сонымен қатар Лос-Анджелестегі тағы бір ірі процесте де жауапкер ретінде аталып отыр. Ол жақта компания өзге техгиганттармен бірге жасөспірімдердің психикалық саулығына зиян келтіретін, тәуелділік туғызатын өнімдер жасады деп айыпталуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







