Ұлттық банк 10 мың теңгелік ескі үлгідегі банкноттардың қолданыстағы мерзімін тағы бір жылға ұзартты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметінше, шешім Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынысы бойынша қабылданды. Осылайша, аталған купюралар 2027 жылдың маусым айына дейін еркін айналымда болады. Бұрынғы үлгідегі банкноттарды жаңа дизайндағы ақшаға ауыстыру кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Қазіргі таңда Ұлттық банк «Сақ стилі» деп аталатын жаңа үлгідегі банкноттар сериясын кезең-кезеңімен айналымға енгізіп жатыр. Осы процесс барысында ескі және жаңа ақшалар қатар қолданылып, біртіндеп ауыстырылады.
«Параллельді айналым кезеңі аяқталғаннан кейін еліміздегі барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі ақшаны тағы үш жыл бойы жаңасына ауыстырып береді. Ал Ұлттық банктің филиалдары ескі банкноттарды мерзімсіз қабылдайтын болады», – деп нақтылады Ұлттық банк.
Ұлттық банк екі үлгідегі банкноттардың да параллельді айналым кезеңінде заңды төлем құралы саналатынын, олардың Қазақстан аумағында кез келген төлем және аударым түрлеріне, сондай-ақ банктік шоттарға аудару үшін міндетті түрде қабылданатынын еске салды.
Бұған дейін…
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 10 мың теңгелік ескі купюралардың қолдану мерзімі тағы бір жылға ұзартылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, 2025 жылдың 25 желтоқсанында Ұлттық банк жаңа дизайндағы 500 теңгелік купюраларды таныстырған еді. Жаңа банкноттар ел аумағына 2026 жылдың екінші тоқсанында таратылады деп жоспарланған. Себебі жаңа купюраларды барлық өңірлерге жеткізу мен банкоматтар, терминалдар және өзге кассалық құрылғыларды бейімдеуге қосымша уақыт қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







