Бүгін Алматыдағы «Ғылым ордасында» еліміздің қолжазба мұраларын сақтау, қалпына келтіру және ғылыми зерттеудің заманауи әдістеріне арналған республикалық ғылыми-практикалық семинар басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Екі күнге жоспарланған ғылыми жиын BR28712621 бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – Қазақстан аумағында сақталған шығыс тілдеріндегі қолжазба ескерткіштерді кешенді зерттеу, бірыңғай ұлттық электрондық дерекқор жасау және құнды жазба мұраларды ғылыми айналымға кезең-кезеңімен енгізу.
Семинарға еліміздің әр өңірінен келген 70-ке тарта маман – реставраторлар, архив, музей және кітапхана қызметкерлері, ғылыми мекеме басшылары қатысуда. Шараның ашылуында «Ғылым ордасының» бас директоры Ұлар Мұқажанов еліміздің жазба жәдігерлерін сақтаудың ұлттық маңызын айрықша атап өтті.
– Қазақ халқының рухани, ғылыми және мәдени мұрасын сақтаған қолжазбалар – ұлттың тарихи жадының ажырамас бөлігі. Осы жазба мұраларды реставрациялау, ғылыми каталогтау және цифрландыру жұмыстарын біртұтас жүйеде жүргізуіміз қажет. Мұндай ғылыми кездесулер мамандарға тәжірибе алмасып, қолжазба мұраларды сақтаудың заманауи тәсілдерін дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Семинар барысында «Ғылым ордасының» мамандары Түркиядағы жетекші реставрациялық мекемелерде өткен ғылыми тағылымдама нәтижелерімен таныстырды. Сондай-ақ Күлтөбе қалашығынан табылған археологиялық кітаптарды реставрациялау және консервациялау ерекшеліктері талқыланды.
Жиынның практикалық бөлігінде қатысушылар шығыстық қолжазбаларды тігудің «балық қабыршағы» деп аталатын дәстүрлі техникасын меңгерді. Сонымен қатар, реставрациялық зертханалардың жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Шараға қатысушылар «Ғылым ордасындағы» Реставрация және консервация орталығын аралап, орталық жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, ғылыми-зерттеу мекемелері арасындағы байланысты нығайту мәселелері де талқыға түсті.
Бұл семинар ұлттық реставрация саласының әлеуетін көтеріп, құнды жазба жәдігерлерді ғылыми айналымға сапалы түрде енгізуге жасалған маңызды қадам. Ұлттық жазба мұрамызды зерттеу, сақтау және қалпына келтіру саласында мамандардың біліктілігін жетілдіруге бағытталған іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатыны белгілі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







