Жамбыл облысында UFC файтері Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмоноваға қатысты сот процесі аяқталды. Оған адам өліміне әкелген жол апатын жасады деген айып тағылып, бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 27 шілдесінде сағат 08:30 шамасында Алматы – Екатеринбұр тас жолының Мойынқұм ауданындағы аумағында болған. Тергеу материалына сәйкес, Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін шаршаңқы күйде жүргізгендіктен, рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, автокөлік аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы айыпталушының туған әпкесі мен құрбысы көз жұмған. Рахмонованың өзі де түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген болатын.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындамағанымен, оның кінәсі куәгерлердің айғақтары, сарапшылар қорытындылары және істің өзге де материалдарымен толық дәлелденді.
Прокурордың уәжі қандай еді?
Прокурор соттан Рахмонованы 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айыруды және жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруды сұраған еді. Ал қайтыс болғандардың туыстары оған кешірім беріп, қатаң жазаға талап қоймаған.
Сот айыпталушының кәмелетке толмаған төрт баласы бар екенін (ең кішісі – 2 жаста, үлкені – 9 жаста) ескеріп, жазаны жеңілдетуге негіз деп тапты. Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкіміне сәйкес, Рахмонова ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Алайда, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, жазаны өтеу мерзімі заң бойынша 5 жылға кейінге қалдырылды.
Бұған дейін Гүлайым Рахмонова желідегі қауымға үн қатып, танымал спортшымен ажырасып кеткенін мәлімдеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







