Британдық танымал комик әрі актер Саша Барон Коэн жиырма жыл бойы әлемдік деңгейде талқыланып келген «Борат» бейнесі үшін Қазақстан халқынан ресми түрде кешірім сұрады. Happy Sad Confused подкастының эфирінде сөз сөйлеген актер өзі ойлап тапқан кейіпкердің шынайы Қазақстанға, оның мәдениеті мен халқына мүлде қатысы жоқ екенін мойындады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Бораттың Қазақстанға еш қатысы жоқ»
Танымал подкаст барысында актер кейіпкердің қалай дүниеге келгенін егжей-тегжейлі баяндап берді. Бастапқыда бұл кейіпкер Албания немесе Молдовадан шыққан журналист ретінде жоспарланған көрінеді. Алайда америкалық HBO арнасымен келісімшарт жасасқан кезде, батыстық көрермендер мүлде естіп-білмеген беймәлім мемлекетті таңдау қажеттілігі туындап, таңдау кездейсоқ Қазақстанға түскен.
Комик жиырма жыл бойы әлемге таралған жағымсыз бейненің қазақтың бай тарихы мен төл мәдениетіне еш қабыспайтынын ашық айтып, қазақстандықтардан кешірім өтінді.
«Мен алғаш рет Қазақстан халқынан кешірім сұрағым келеді. Өйткені Бораттың шынайы Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Қазақстандықтар, егер араларыңыздан біреу маған қарсы нақты миссиямен келсе, одан бас тартуды сұраймын. Мен ешкімге зиян тигізгім келген жоқ. Мен сіздердің халқыңыз бен мәдениетіңізді құрметтеймін. Мұны жеке қабылдамауларыңызды өтінемін», – деді Саша Барон Коэн.
Елшіліктің шағымы және батыстың қараңғылығы
Коэн кезінде Қазақстан елшілігі жолдаған ресми наразылық хаттарын есіне алып, дипломаттардың айтқан барлық уәждері жүз пайыз орынды болғанын мойындады. Оның айтуынша, қазақтар сырт келбеті жағынан да, өмір сүру салты тұрғысынан да экрандағы кейіпкерге мүлде ұқсамайды.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандықтардан тағы да кешірім сұраймын. Мен сіздердің тілдік акценттеріңізбен сөйлей алмаймын, тіпті оның қандай екенін де білмеймін. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Сатира менің кейіпкерім сөйлескен батыс қоғамының қараңғылығы мен надандығын әшкерелеуге арналған еді. Олар өмірінде естімеген ел туралы кез келген қисынсыз әңгімеге сенуге дайын болды», – деп түсіндірді әзілкеш.
Жиырма жылдық келеке мен жараланған намыс
Коэннің фильмдері оған әлемдік даңқ, «Алтын глобус» сыйлығы мен ондаған миллион доллар пайда әкелгенімен, оның азабын қарапайым қазақстандықтар тартты. 2006 жылдан бері шетелге шыққан отандастарымыз өзге елдердің әуежайларында, оқу орындары мен туристік аймақтарында мазаққа айналған арзан стереотиптерге тап болып, ұлттық намысы сан мәрте тапталды.
Тіпті мемлекеттік деңгейде имидждік роликтер түсіріліп, миллиондаған қаржы халықаралық пиарға шашылса да, Батыс санасына сіңіп қалған жабайы образды бірден өшіру мүмкін болмады. Тіпті кейінгі жылдары отандық туризм саласы амалсыздан «Very nice!» ұранын өз жарнамасына бейімдеп, жағымсыз жағдайды пайдаға асыруға тырысқан еді.
Кешіккен өкініш қазақ қоғамына қаншалықты құнды?
Арада жиырма жыл өткенде, барлық табысын тауып, қартайған шағында подкастта айтылған бұл өкініш қазақ қоғамы үшін қаншалықты құнды? Әрине, автордың өз кінәсін мойындауы – белгілі бір дәрежеде символдық мәнге ие. Алайда бұл мәлімдеме жаңа киножобасының жарнама науқаны қарсаңында жасалғанын да ұмытпаған жөн.
Экрандағы арзан күлкі миллиондаған халықтың ар-намысына тиіп, бірнеше буынның жүрегінде өшпес реніш қалдырды. Подкасттағы екі ауыз сөз халықаралық поп-мәдениет қалыптастырған стереотиптерді лезде жоя алмайды. Бұл оқиға Қазақстан үшін үлкен сабақ болуы тиіс: өзгенің кешіріміне телмірмей, экономикасы мықты, білімі терең әрі әлемге төл мәдениетімен танылатын қадірлі мемлекет құрғанда ғана мұндай арзан сайқымазақтардың үні мәңгілікке өшеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







