Димаш Құдайбергеннің Германияның Дюссельдорф қаласында өткен концерті желіде қызу пікірталас тудырды. Залдағы орыстілді көрерменнің бір бөлігі әншінің орыс тілінде сөйлемегеніне және осы тілдегі репертуардың тым аз болғанына ашық наразылық білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Даудың шығуына Германияда тұратын орыстілді блогердің жариялаған бейнешолуы түрткі болды. Ол он мыңдық «PSD Bank Dome» аренасында өткен алып шоуға отбасымен барғанын, бірақ бағдарламаға көңілі толмай қалғанын айтып шағымданған.
Блогердің уәжінше, залға жиналған халықтың дені орыстілді диаспора болған-мыс, ал Димаш тек ағылшын және қазақ тілінде сөйлеп, халықаралық форматтан ауытқымаған.
Орыстілді көрерменнің шағымы
«Димаш тек ағылшын тілінде сөйлесті. Орысша амандаспады да. Залда қандай аудитория отырғанын түсіне тұра, бұлай істеуі біртүрлі дөрекілеу әрі құрметсіздік сияқты көрінді. Бүкіл кеште орысша бір ғана ән «Любовь уставших лебедей» шырқалды. Қалғаны қазақша мен ағылшынша. Жанымда отырған егде жастағы ерлі-зайыпты концерт бітпей жатып, ренжіп шығып кетті», — дейді ол.
Сонымен қатар, концерт кезінде ұйымдастырушылық инцидент те орын алған. Неміс спорт кешенінің қауіпсіздік қызметі ішкі ережеге сүйеніп, қазақстандық жанкүйердің қолындағы Қазақстанның мемлекеттік туын трибунаға кіргізбей, тартып алған.
Соғысқа қарсы манифест және жаһандық деңгей
Дегенмен, кештің ең әсерлі тұсы Димаштың соғысқа қарсы нөмірі болды. Алып экранда қираған қалалар мен өртенген ғимараттар көрсетіліп, қантөгісті тоқтатуға үндеген манифест-композиция көрерменді түрегеп тұрып қол соғуға мәжбүр етті.
Ашығын айтқанда, мына жағдай посткеңестік кеңістіктен шыққан кейбір ортаның әлі күнге дейін қазақ әртістеріне «өз меншігіндей» қарайтынын көрсетті. Димаш әлдеқашан әлемдік сахнаға шыққан, өз мәдениетін әлемге ағылшын және қазақ тілінде танытып жүрген жаһандық тұлға. Еуропа төрінде өткен халықаралық турнеден Ресей телевизиясының форматын күту қазақ феноменінің шын масштабын түсінбеудің көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







