ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев тергеу изоляторында карантинге жатқызылды. Адвокат Рена Керимованың айтуынша, журналистің денсаулығы күрт нашарлап кеткен деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мерекеден кейін бірден бейсенбі күні Әсет Матаевтың жағдайын көріп қайттым. Оның қазіргі халін көру өте ауыр: маңдайында үлкен тігіс, көзі ісіп, бетінің жартысы көгеріп кеткен, қатты ісінген. Осындай жағдайда оны жаңа келген тұтқындармен бірге карантинге жатқызған. Карантин мерзімі – 15 күн», – деп жазды адвокат әлеуметтік желіде.
Желі қолданушылары журналистке қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының оның қазіргі жағдайына мүлде сәйкес келмейтінін айтып, алаңдаушылық білдіруде.
«Осындай хабарламаларды оқу өте ауыр. Журналистер мен адвокаттарға қатысты жағдай қауіпті сипат алып бара жатыр. Бұл адамға ерекше медициналық көмек, госпиталь жағдайы қажет екені айқын көрініп тұр. Бірақ оны емдеудің орнына, денсаулығын қалпына келтіруге қарапайым жағдайы жоқ камерада ұстап отыр. Мұның өзі азаптауға ұқсайды, адам шын мәнінде физикалық тұрғыда зардап шегіп отыр», – деді адвокат Сәуле Қобжанова.
Әлеуметтік желілерде журналистің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты қоғам тарапынан билікке талаптар жиілеуде. Қазір Әсет Матаевқа медициналық көмек көрсету мәселесі өзекті болып тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







