Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын тазалауға арналған ерекше экологиялық шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Халықаралық «Қалдықсыз әлем» күніне орай ұйымдастырылған бұл бастама «Бір қап қоқыс – бір балмұздақ» атауымен өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығына тұрғындардың назарын аудару және жас буынның бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру.
Жобаға қала тұрғындары, ата-аналар мен балалар белсенді қатысты. Әсіресе жасөспірімдердің тазалық жұмысына ынтамен араласуы шараның мазмұнын күшейте түсті. Балалар ауладағы қоқысты жинап, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосты. Ұйымдастырушылар олардың еңбегін ескеріп, әр жиналған қап қоқыс үшін балмұздақ таратты.
Жалпы алғанда, қайырымдылық әрі экологиялық сипаттағы бұл бастамаға 500-ге жуық азамат қатысқан. Мұндай қадамдар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып қана қоймай, табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалықты күнделікті дағдыға айналдыру және өскелең ұрпаққа дұрыс үлгі көрсету тұрғысынан да маңызды.

Кентауда өткен бұл шара бір қарағанда қарапайым сенбілік сияқты көрінгенімен, оның астарында терең мән бар. Өйткені тазалық мәдениеті үлкен сөзден емес, дәл осындай нақты әрекеттен басталады.
Таяуда Түркістан облысында өткен экоакцияға Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қатысып, Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы тарихи «Ақ-Ата» бұлағын тазарту және абаттандыру жұмыстарын жергілікті тұрғындармен бірге атқарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







