Алматыда екі күннің ішінде «Стоп-нарушения» жедел шарасы барысында 4828 құқық бұзушылық анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала полициясының хабарлауынша, шара кезінде жол қауіпсіздігіне айқын қатер төндіретін өрескел әрекеттерге ерекше мән берілген. Атап айтқанда, көлік жүргізуге құқығы жоқ 44 адам анықталып, тағы сегіз жүргізуші бұрын жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік басқарған.
Сондай-ақ, жалған мемлекеттік нөмір таққан сегіз жүргізуші ұсталып, қарсы қозғалыс жолағына шыққан 15 дерек тіркелді.
Жедел шара аясында екі мыңнан астам көлік, оның ішінде шетелдік нөмірлі автомобильдер де арнайы тұрақтарға қойылған.
– Негізгі басымдық жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтарды тоқтату. Олар – жүргізуші куәлігінен айырылған немесе куәлігі жоқ адамдардың көлік басқаруы, қарсы бағытқа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану. Мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Сондықтан біздің ұстанымымыз қатал әрі принципшіл болып қала береді, – деді Алматы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Әбдінұр Тасыбаев.
Еске сала кетсек, Алматыда 1 сәуір күні елдің бірнеше өңірінен полиция экипаждары жұмылдырылған «Стоп-нарушения» кең ауқымды шарасы басталған. Акцияның алғашқы тәулігінде-ақ қалада 2200-ден астам құқық бұзушылық анықталды.
Шараны күшейту үшін Алматыға Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Жамбыл облыстарынан полиция жасақтары қосымша тартылған. ҚР ІІМ мәліметінше, қосымша күштер қаладағы жол қауіпсіздігін қадағалау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жіберілді.
Айта кетейік, 21 наурызда Алматыда қоғам назарын аударған ауыр жол апаты болды.
Әл-Фараби мен Мендіқұлов көшелерінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Тексеру кезінде оның ішімдік ішкені белгілі болды.
Сонымен қатар, мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша ішкі қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғап, бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылған еді.
Күн жылып келеді, бірақ аспан тұрақты емес. Жаңбыр мен салқын ауа райы кей өңірлерді әлі де сынап тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







