Қазақстан Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын жаңа жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысын ресейлік тараптың қатысуынсыз жүргізеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, Көкшетаудағы жоба дайындық және ішінара құрылыс кезеңінде тұр. Ал Семей мен Өскемендегі ЖЭО құрылысы бойынша EPC-келісімшарттарға биыл жыл басында қол қойылған.
EPC (Engineering, Procurement, Construction) мердігер компания объектіні жобалау, қажетті жабдықты жеткізу және құрылыс жұмыстарын толық жүзеге асыру міндетін алатын «толық аяқталған» келісім түрі. Яғни тапсырыс беруші дайын нысанды ғана қабылдап алады, ал барлық тәуекелді мердігер компания көтереді.
Жақын арада мердігер компания негізгі құрылыс жұмыстарына кіріседі. Мамыр айында жабдықтарға тапсырыс беріліп, құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары қатар жүреді. Құрылысқа қажетті негізгі жабдықтар 2027 жылдың үшінші тоқсанында жеткізіліп, жаңа станциялар 2029 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Көкшетаудағы ЖЭО бойынша биыл әкімшілік ғимараттың құрылысы басталады. «Самұрық-Энерго» АҚ ұсынған дерекке сәйкес, орталықтың жылу қуаты 520-дан 820 гигакалорияға дейін ұлғайтылады. Қазір алаңға қажетті инженерлік коммуникациялар тартылып, жолдар салынып қойған.
Құрылыс жұмыстарын қазақстандық-сингапурлық консорциум жүргізеді. Жобаларда ең озық технологиялар, соның ішінде Қытайдың энергетика саласындағы заманауи шешімдері қолданылады. Вице-министр жобаны іске асыру жауапкершілігі жоғары деңгейде болатынын ерекше атап өтті:
«Бұл жобаларға кездейсоқ мердігерлер тартылмайды. Барлық компаниялар тәжірибелі және заманауи технологияларға қол жеткізе алатын кәсіпорындар. Әрбір жоба бойынша жеке жауапкершілік қарастырылған».
Жаңа орталықтарда экологиялық таза көмір жағу және жасанды интеллект элементтерін қолдану жоспарланған.
Кейін журналистерге берген сұхбатында Сұңғат Есімханов ресейлік тараппен келіссөздердің толық тоқтағанын растады: «Үш ЖЭО бойынша келісімшарт жасалды, ресейлік мердігерлер жоқ. Барлық жұмыстарды қазақстандық компаниялар жүргізеді».
Вице-министр жобалардың болжамды құнын да атап өтті. Оның айтуынша, Көкшетаудағы станцияның құрылысына шамамен 350 миллиард теңге қажет болса, Семей мен Өскемендегі орталықтардың әрқайсысы қуатының жоғары болуына байланысты 400 миллиард теңге шамасында болмақ. Бұл жобалардың барлығы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды, қаражатты мердігер компаниялар өздері тартады. Станциялар іске қосылған соң ғана мемлекет тарапынан төлемдер жасалады.
Алғашында Көкшетау, Семей және Өскемендегі жаңа ЖЭО құрылысы Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылады деп жоспарланған еді. 2023 жылдан бері бұл бағытта бірнеше келіссөздер мен талқылаулар жүргізілген. Бірақ қаржыландыру мәселесі ұзақ уақыт шешілмей, ақыры Қазақстан жобаны дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдады.
Қазір Үкімет ЖЭО құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, өңірлерді тұрақты жылу және электр қуатымен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бұл – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







