Қазақстанда жастар арасында «жалақыға дейінгі қарыз» деп аталатын қысқа мерзімді несиелерге сұраныс күрт артып, орташа қарыз алушының жасы төмендей бастады. Бұл жағдай қазақстандықтардың қаржылық мінез-құлқының айтарлықтай өзгергенін көрсетеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Руслан Сұлтанов Ұлттық банктің қысқа мерзімді, банктік емес тұтынушылық несие (PDL) нарығын талдаған зерттеуін сараптай келе осындай қорытындыға келді.
Зерттеу дерегінше, PDL сегментіндегі қарыз алушылардың орташа жасы 2022 жылы 36 жас болса, 2024 жылы 33 жасқа дейін төмендеген. Сонымен қатар, қарыздың орташа сомасы 50,6 мың теңгеден 64,2 мың теңгеге дейін өскен.
Сұлтановтың пікірінше, өзгеріс әдеттегі клиенттердің жасаруынан әлдеқайда терең мәнге ие.
«Жастардың несие алуға жаппай көшуі болашақта үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Өйткені жас қарыз алушылардың тұрақты жинағы жоқ, қаржлық сауаты мен резервтік қаражаты әлі қалыптаспаған. Мұндай жағдайда несие олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, қаржылық мінез-құлқына орнығып қалуы ықтимал», – дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, қазір жастар арасында қарызбен өмір сүру қалыпты жағдайға айналып барады. 2024 жылы PDL-қарыз алушылардың жартысы бір уақытта бірнеше микронесие алған. Әрбір үшінші қарыз алушы бұл күйде жыл бойы кемінде жарты жыл болған. Бұл несие алу әдетінің уақытша шара емес, тұрақты тұтынушылық модельге айналғанын көрсетеді.
Осы жағдайды ескере отырып, экономист Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлеме (18 пайыз) саясатын орынды деп санайды. Оның пікірінше, несие нарығын қатаң реттеу шаралары нақ қазір қажет болып отыр. Дегенмен мұндай ұстаныммен кейбір қаржыгерлер келіспейді. Мысалы, Halyk Bank сарапшылары халық несие арқылы экономикалық сұранысты қамтамасыз етіп, өмір сүру деңгейін көтереді деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







